Өзбекстан құрамасы футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи матчын өткізді

10:08, 18 маусым 2026

© Сурет: Instagram/fifaworldcup

18 маусым күні таңертең футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан ұлттық құрамасы тарихтағы алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырған өзбекстандық футболшылар топтық кезеңнің алғашқы турында Колумбия құрамасымен кездесті. Тәжірибесі мол оңтүстік америкалықтар бұл кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Есепті матчтың 40-минутында колумбиялық қорғаушы Даниэль Муньос ашты. Үзілістен кейін Өзбекстан құрамасы таразы басын теңестіріп, әлем чемпионаттарындағы алғашқы тарихи голды Аббосбек Файзуллаев соқты.

Алайда өзбек жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада көп уақыт өтпей, Луис Диас Колумбияны қайтадан алға шығарды.

Ойынның соңына қарай колумбиялық шабуылшы Хаминтон Кампас кездесудің нүктесін қойып, есепті 3:1-ге жеткізді.

Айта кетейік, Өзбекстанда ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы алғашқы матчын тамашалау үшін жұмыс күні үш сағатқа кеш басталған.

"Президентіміз де, 40 миллион халық та бұл матчты асыға күтті. Мемлекет басшысы ойынды отбасымен, немерелерімен бірге тамашалайды", – деді Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.

Осылайша, үш ұпай жинаған Колумбия К тобының көшін бастады. Өзбекстан төртінші орында тұр. Ал Конго Демократиялық Республикасы мен Португалия өзара 1:1 есебімен тең түсіп, екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр.

Екінші турда Өзбекстан 23 маусымда Португалиямен, ал Конго Демократиялық Республикасы 24 маусымда Колумбиямен кездеседі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!