Оқушы мектепке талапқа сай емес форма киіп келсе не болады

16:13, 17 тамыз 2026
MKZ: 1561732

© Фото: Zakon.kz

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова 2026 жылғы 17 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған оқушыны сабаққа кіргізбеуге бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Шынар Ақпарова "Білім туралы" заңға сәйкес баланы оқу процесінен шеттетуге жол берілмейтінін еске салды.

"Баланың сапалы білім алуға құқығы бар. Сондықтан оны мектепке кіргізбей қоюға болмайды", – деді Шынар Ақпарова.

Сонымен қатар бірінші вице-министр мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталуына ата-аналар жауапты екенін атап өтті.


"Заңның 47-бабы білім алушыларға, ал 49-бабы ата-аналарға қатысты. Ата-аналар білім беру ұйымы, ата-аналар қауымы және қамқоршылық кеңес бірлесіп белгілеген мектеп формасына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптарды бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деді ол.

2026 жылы 1 АЕК 4325 теңгеге тең. Демек, айыппұл мөлшері 21 625 теңгені құрайды.

Бұған дейін Шынар Ақпарова бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне енгізілетін маңызды өзгерістер туралы айтқан еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!