Наурызнама туристерді тартатын жобаға айналады

12:30, 21 наурыз 2025

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Наурызнама туристерді тартатын айрықша жобаға айналады. Тіпті бренд деуге болады. Иә, Туризм және спорт министрлігінің жоспары ауқымды.

Наурызнама – туристік бренд

Рио-де-Жанейродағы карнавал, Германиядағы Октоберфест және Жапониядағы сакураның гүлдеуі. Әлемнің әр түкпірінде туристер ағылатын кезең мен мекендер бар. Қазақстандағы Наурызнама апталығы да осы дәстүрді жалғауы мүмкін, деп жазады 24.kz.

Былтыр Туризм және спорт министрлігі отандық туроператорларға үлкен жауапкершілік жүктеген еді. "Биыл нәтижесін көріп қалуымыз мүмкін", – дейді мамандар.

Оның үстіне CNN Travel елімізді саяхаттауға болатын 25 бағыттың бірі атады. Демек туристер саны артады. Салаға түсетін кіріс көлемі де еселенуі тиіс. Былтыр шетелдік туристерден 1,2 трлн теңге түсті.

Бір күннен көп тұрақтайтын туристер көбейді

Қаңтарда елге 3,7 млн турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 69%-ке көп. Таяуда енгізілген цифрлық жүйенің дерегі осындай. Сайтқа ай сайын елге келген меймандар тіркеледі. Ал E-Qonaq жүйесіне сүйенсек, шетелдік туристер көбіне Алматы, Астана және Атырауға барады. Осы аймақтағы қонақ үйлер қызметіне жүгінгендер көп. Десе де былтыр тұрақжай ақысы біршама өскен. Тек бір жұлдызды қонақ үйлердің құны өзгермепті.

Шетелде демалатын турист көп

Ал energyprom сарапшыларының хабарлауынша, мереке күндері шетелдік турлар айтарлықтай қымбаттаған. Бағытына қарай баға 10%-тен 35%-ке дейін артыпты. Кей жерлерге тіпті 2 есе өскен. Бірақ бұл саяхатшыларға бөгет болмаған сыңайлы. Демалысын алдын ала болжап, қамданғандар да жеткілікті. Олар таңдаған батыттардың басында БАӘ мен Мысыр тұр. Мұндағы демалыс құны адам басына 220-250 мың теңгеден басталады. Ең қымбат бағыт – Мальдив аралдары. Есте қалар демалыс үшін 570 мың теңге дайындаңыз. Ең қымбат тур 750 мың теңгеден басталады. Туристік компания жетекшісі Айжан Иса қазақстандықтардың отбасылық демалысқа көңіл бөлетінін жеткізді.

"Наурыз мерекесінің алдында шетелге сұраныс артты. Бірінші себеп балалар көктемгі каникулға шығып жатыр. Сондықтан ата-аналар балаларымен шетелге барғысы келеді. Қазіргі кезде біз ұсынатын елдер Мысыр, Вьетнам, Таиланд, Гоа, Әмірліктер. Ауа райы өте тамаша. Ол жерде анимация, бассейн, бәрі балаларға қарастырылған. Бағалары тиімді. Сондықтан сұраныс та бар." Айжан Иса, туристік компания басшысы

Алаяқтардан сақ болыңыз!

Өкінішке қарай, сұранысты ұтымды пайдаланып отырған алаяқтар да бар. "Туристік Қамқор" қорының хабарлауынша, жалған фирмалар көбейіп, халықтың ақшасына қол сұғып жатыр. Ал туристер алданғанын әуежайда ғана біледі. Көбі Мысыр, Түркия, Таиланд, Вьетнам бағытына тур сатып алған. Шығын көлемі 40 млн теңгеден асады. Сондықтан сенімді компаниялармен жұмыс істеуге кеңес береміз. Сақ болыңыздар!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!