Мәслихат таратылған жағдайда депутаттарға жәрдемақы төленеді: регламентке өзгерістер енгізілді

16:41, 26 қараша 2026
MKZ: 1579913

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 қарашада мәслихаттың үлгілік регламентіне өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үлгілік регламент мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгізу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихаттың халық алдындағы жұмысы туралы есеп беру және тұрақты комиссияларының қызметі, депутаттардың сауалдарын қарау тәртібін белгілейді. Сондай-ақ құжатта депутаттық бірлестіктердің өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру, дауыс беру тәртібі, мәслихат депутаттарына жәрдемақы төлеу, аппарат жұмысын ұйымдастыру және өзге де рәсімдік әрі ұйымдастырушылық мәселелер қамтылған.

Нақты айтқанда, мәслихат шешімдерді дауыс санаудың цифрлық жүйесін пайдалану арқылы (ол болған жағдайда) қабылдайтыны нақтыланды.

Сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша мәслихат төрағасы сессия басталғанға дейін кемінде жеті күн бұрын, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемінде үш күн бұрын депутаттар мен әкімге қажетті материалдарды қағаз немесе электронды форматта ұсынады.

Мәслихат сессиялары, тұрақты комиссиялар мен өзге де органдардың отырыстары кезінде, депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде, сондай-ақ депутаттық міндеттеріне байланысты біліктілігін арттыру кезінде мәслихат депутаты тиісті мәслихат регламентінде белгіленген тәртіппен қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.

Бұл ретте оған жергілікті бюджет есебінен негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысы өтеледі. Алайда төлем мөлшері тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппарат басшысының осы лауазымдағы бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар кездегі жалақысынан аспауға тиіс. Сонымен қатар сессиялар мен комиссия отырыстарына қатысу, біліктілігін арттыру кезеңіне және жол жүру уақытын ескере отырып, іссапар шығындары өтеледі.

Облыстық және аудандық мәслихат депутаты мәслихат төрағасының тапсырмаларын орындау үшін іссапарға жіберілген жағдайда, сондай-ақ өз құзыреті мен функциялары шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қызмет атқарған кезде оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар бойынша іссапар шығындары төленеді.

Мәслихаттың нормативтік-құқықтық шешімдері заңнамада белгіленген тәртіппен әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, жариялануға тиіс. Алайда бұл талаптан тыс бірқатар жағдайлар да қарастырылған.

Сессия хаттамалары сессия өткеннен кейін бір айдан кешіктірілмей басып шығарылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.

Елорда, облыс және республикалық маңызы бар қала бюджеттері тиісті мәслихаттың сессиясында ҚР Президенті республикалық бюджет туралы заңға қол қойғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде бекітіледі.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті облыстық мәслихаттың облыстық бюджетті бекіту туралы шешіміне қол қойылғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде тиісті мәслихатта бекітіледі.

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің бюджеттері аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатының тиісті бюджет туралы шешіміне қол қойылғаннан кейін бес күнтізбелік күн ішінде бекітіледі.

Мәслихат депутаты мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелер, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар азаматтардың өтініштері бойынша әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, прокурорға, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларына, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің филиалдары мен өкілдіктеріне ресми жазбаша сауал жолдай алады.

Депутаттық сауалға жауап 15 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жазбаша түрде берілуге тиіс. Оған регламенттің 40-тармағында көрсетілген тұлғалар немесе депутаттық сауал жолданған мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қояды.

Құжатқа бір адамды елорданың, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатының төрағасы етіп қатарынан екі реттен артық сайлауға болмайтыны туралы норма қосылды.

Сонымен қатар мәслихат депутаты өз міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық әдеп нормаларын бұзғаны үшін оған мынадай тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін:

  • сөгіс жариялау;
  • жария түрде кешірім сұрауға міндеттеу;
  • бір сессия барысында сөз сөйлеу құқығынан айыру;
  • мәслихат сессиясына қатысу құқығынан айыру.

Ал тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутатына қосымша бір күндік жалақысынан айыру түріндегі тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.

Депутаттарға тәртіптік шара қолдануға қатысты мәселелерді дайындау, сондай-ақ мәслихат сессиялары мен оның органдарының отырыстарына депутаттардың қатысуын бақылау мәслихат аппаратына жүктеледі.

Депутатқа тәртіптік шара қолдану туралы мәселені мәслихат төрағасы немесе мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы көтере алады.

Үлгілік регламентке мәслихат аппаратының басшысы туралы жаңа тармақ та қосылды. Оған сәйкес, аппарат басшысы:

  • мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды;
  • өз құзыреті шегінде аппараттың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
  • мәслихат аппаратының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындайды және қызметінен босатады;
  • аппараттың тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылық жасайды;
  • қызметтік тәртіптің сақталуын бақылайды;
  • аппараттың мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы белгілеу мәселелерін шешеді;
  • аппараттың мемлекеттік қызметшілеріне тәртіптік жауапкершілік қолдану мәселелерін қарайды;
  • өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ҚР заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді;
  • мәслихат сессияларын, тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарын ұйымдастырады;
  • мәслихаттың құқықтық актілерінің жобаларын әзірлейді;
  • депутаттардың біліктілігін арттыру іс-шараларын ұйымдастырады;
  • республика заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Бұдан бөлек, регламент "Мәслихат депутаттарына жәрдемақы төлеу тәртібі" атты жаңа тараумен толықтырылды.

Оған сәйкес, егер Қазақстан Президенті мәслихатты таратса, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутатына жаңа жұмысқа орналасқанға немесе зейнет жасына жеткенге дейін ай сайын жәрдемақы төленеді.

Жәрдемақы мөлшері депутаттың орташа айлық жалақысына тең болады. Алайда ол депутаттың өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге төленеді.

Жәрдемақы төлеу туралы шешімді тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутатының өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мәслихат аппаратының басшысы қабылдайды.

Жәрдемақы төлеу үшін есептелетін орташа айлық жалақы ҚР еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады.

Толық емес күнтізбелік ай үшін жәрдемақы мөлшері орташа күндік жалақы мен жәрдемақы төленетін кезеңге сәйкес келетін жұмыс күндерінің саны негізінде орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларына сәйкес анықталады.

Жәрдемақы тағайындалған мәслихат депутаты жұмысқа орналасқан немесе зейнет жасына жеткен жағдайда, бұл туралы мәслихат аппаратына тиісті жағдай туындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Жарлық 2026 жылғы 7 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!