Қоқиқаздармен әдемі видео түсіргісі келетін дрон иелеріне ескерту жасалды

16:26, 26 қараша 2026
MKZ: 1579907

© Сурет: Telegram/qazfwc

2026 жылғы 26 қарашада Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстандықтарды бір ғана видео үшін қоқиқаздарды үйреншікті мекенінен бездірмеуге шақырды.

Комитеттің мәлімдеуінше, қоқиқаздардың Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына ұшып келуі – табиғаттың таңғажайып құбылыстарының бірі. Алайда әсерлі кадр түсіру мақсатында заң талаптарын бұза отырып, құстар шоғырланған аумақтарда дрон ұшыру олардың табиғи тіршілігіне қауіп төндіреді.

"Біз үшін бұл – әдемі видеодағы бірнеше секунд қана, ал құстар үшін үлкен күйзеліс. Дрондардың шуы мен жақындауы қоқиқаздарды үркітіп, олардың қоректенуі мен тынығуына кедергі келтіруі мүмкін. Құстарды жүйелі түрде мазалау келесі маусымда олардың бұл аумаққа қайта оралмауына әкелуі ықтимал", – деп мәлімдеді комитет.

Қазақстанның "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" заңының 14-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, итбалықтар, жабайы тұяқты жануарлар және топтасып жүретін құстар жаппай мекендейтін аумақтардың үстімен ұшақтардың, тікұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының бір шақырымнан төмен биіктікте ұшуына тыйым салынады.

"Бұл талап ұшқышсыз ұшу аппараттарына да қатысты. Заң талаптарын бұзғандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады", – деп атап өтті комитет.

Осыған байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті блогерлерді, фотографтарды, видеооператорлар мен туристерді табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

"Әлеуметтік желідегі қаралым мен танымалдық жабайы табиғаттың тыныштығынан маңызды болмауы керек! Қоқиқаздар ертең қайта оралуы үшін бүгін олардың тыныштығын сақтайық!" – деп түйіндеді комитет өкілдері.

Айта кетейік, 2026 жылғы 12 қазанда Қаракөл көлі қоқиқаздарынан айырылып қалуы мүмкін екенін жазған едік.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!