Мас күйінде көлік жүргізген әйел жүкті келіншек пен екі баланы қағып өлтірді: сот үкім шығарды

12:31, 8 қыркүйек 2026
MKZ: 1565732

© Фото: Zakon.kz

Түркістан облысында Арыста мас күйінде көлік жүргізіп, жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірген 52 жастағы мұғалімге сот үкім шығарды. Сот кінәлі әйелді 9 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2026 жылғы 7 қыркүйекте "Алматы ТВ" телеарнасының сайтында жарияланды. Белгілі болғандай, маусым айының басында Арыста бірнеше отбасы үшін қарапайым күн қайғылы жағдайға айналған. Жеке үйдің маңындағы көшелердің бірінде әйелдер балаларымен бірге орындықта отырған. Сол кезде олардың үстіне жол талғамайтын көлік жоғары жылдамдықпен келіп соғылған.

Көлікті 52 жастағы мұғалім әйел басқарған. Кейін сараптама оның мас болғанын көрсетті. Көлік адамдарды қағардан бірнеше секунд бұрын қоршауды бұзып кеткен. Апат салдарынан 30 жастағы жүкті балабақша тәрбиешісі, оның екі жасар ұлы және көршісінің бес жасар қызы қаза тапты.

Істің мән-жайын ескере отырып, сот жол апатына кінәлі әйелді бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

"Сотталушы Бибінұр Избасарова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы және өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды", – деп үкімді мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы Марат Күздебаев жариялады.

Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Ол жазасын жеңілдетуді сұрап, мүгедектігі бар кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Сот осы жағдайды ескеріп, жазаны бір жылға кейінге қалдырды.

Алайда жақындарынан айырылған отбасылар бұл жазаны тым жеңіл деп санап, әділ жаза тағайындауды талап етуде.

"Үш адамның өмірі үшін – тоғыз жыл. Бұл қалыпты жағдай ма? Ол тірі, дені сау, бостандықта жүретін болады. Оның 12 жастағы баласы бар болғаны не өзгертеді? Ал бізде анасыз қалған төрт жасар бала бар. Ол жылаған сайын жүрегім ауырады. Бұл жерде қайдағы әділдік? Біз мұнымен келіспейміз", – деді жәбірленуші Ағайша Манатова.

Айта кетейік, жол апатынан тағы бірнеше адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Сондай-ақ сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!