Күзгі әскерге шақыру – 2026: 23 мыңға жуық қазақстандық қайда қызмет етеді

09:59, 2 қыркүйек 2026
MKZ: 1564696

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

Бүгін, 2026 жылғы 2 қыркүйекте, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталғанын хабарлады. Қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер азамат әскер қатарына алынады.

"Олардың 12 мыңнан астамы Қарулы күштер қатарын толықтырады. 7 мыңы Ұлттық ұланға, 3 мыңы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігіне және 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі", – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

"Цифрлық әскерге шақыру" жүйесі мен Smart военкомат жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматта көрсетіледі.

Азаматтарды тұрғылықты жері ауысқан кезде әскери есепке қою, 17 жастағы жасөспірімдерді тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматтандырылған. Әскери есепке қатысты барлық ақпарат азаматтардың eGov порталындағы жеке кабинетінде қолжетімді.

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптердің бірін тегін меңгере алады. Олардың саны 20-ға жуық. Атап айтқанда, сарбаздарға жүргізуші, байланыс маманы, парамедик және экскаваторшы секілді кәсіптерді игеруге мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар сарбаздарға әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай, мемлекеттік білім гранты бойынша жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін, 2026 жылғы 21 шілдеде, Қазақстанда әскери қызметке шақыру қағидалары өзгергені хабарланған еді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!