Қазақстанның үш қаласы құрметті атаққа ие болады: Алматыдағы ТМД СІМ кеңесінің қорытындысы

16:47, 11 сәуір 2025

© Сурет: ҚР СІМ баспасөз қызметі

2025 жылғы 11 сәуірде Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР СІМ мәліметіне сүйенсек, кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимылдың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

"Бүгінде Достастық пікір алмасудың, бірлескен күш-жігерді үйлестірудің және елдеріміз арасындағы кешенді байланыстарды біртіндеп тереңдетудің сұранысқа ие алаңы болып отыр. Қазақстан Ұйымды одан әрі дамытуға мүдделі және оның көпқырлы әлеуетін нығайтуға ниетті", – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Сондай-ақ Мұрат Нұртілеу қатысушыларды ТМД аясындағы ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымдары туралы хабардар етіп, Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Ұйымның институционалдық дамуына, үйлестіру механизмдерін жетілдіруге және Достастық аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда Қазақстан бастамаларын жүзеге асыруда Достастық бойынша серіктестердің қолдауы ерекше аталып өтті.

"Еліміздің ұсынысы бойынша бүгінгі таңда Волонтёрлер форумы, Достастық жәрмеңкесі, ТМД Академиялық астанасы және басқа да көптеген жобалар сияқты ауқымды іс-шаралар бірлескен күш-жігердің арқасында іске асырылып жатыр немесе жақын болашақта өткізуге жоспарланған", – деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрі.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды және басқа да қалаларға "1941-1945 жж. Еңбек даңқы қаласы" құрметті атағын беру туралы шешім келісілді.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммиті қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!