Қазақстандықтардың жартысына жуығы медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды

11:02, 27 қаңтар 2025

© Фото: pixabay

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының айтарлықтай өскеніне қарамастан, азаматтардың медициналық қызметке қанағаттану деңгейі төмендеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ол соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына жұмсалған қаражат 2,8 есеге өскенін, халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттанушылық деңгейі 47 пайызға дейін төмендегенін атап өтті.

"Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі болып саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсімі туралы үнемі хабарлап отырады. Олардың мәліметтері бойынша, консультативтік-диагностикалық қызметтер, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны жеті есеге артқан. Дегенмен, диагностикалық қызметтің өсуі ауруларды ерте анықтауға әсер еткен жоқ. Тіпті кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан жазылады", – деді Дания Еспаева 2025 жылғы 27 қаңтарда Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Оның айтуынша, саланы қаржыландырудың ұлғаюы жүйелі мәселелерді шешкен жоқ, соның ішінде: халықтың міндетті әлеуметтік сақтандыруға деген төмен қызығушылығы, цифрландырудың әлсіздігі, медициналық қызметтерге ақы төлеудегі қиындықтар.

"Жалпы, барлық медициналық ұйымдарда "пациент-фокус" қағидасынан "табыс-фокус" принципіне көшу үрдісі байқалады", – деді Дания Еспаева.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын теңестіру және тиімділігін арттыру мақсатында үкімет алдына бірқатар міндеттер қойды: денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруды теңгеру және негізгі мемлекеттік медициналық көмектің пакетін және бірыңғай медициналық көмекті қалыптастыру.

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап медициналық қызметтердің тарифтерін өзгерткені туралы бұған дейін хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!