Қазақстанда жалған психологтармен күрес күшейтіледі: Сенат жаңа заңды мақұлдады
© Фото: pexels
Сенат депутаттары 2026 жылғы 25 маусымда "Психологиялық қызмет туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенат депутаты Әсем Рахметова Мемлекет басшысы елде өзін психолог немесе коуч ретінде таныстыратын, бірақ тиісті білімі мен біліктілігі жоқ адамдардың көбейгеніне назар аударып, олармен күресті күшейтуді тапсырғанын еске салды.
Оның айтуынша, бүгінде психологиялық қолдаудың маңызы қоғам өмірінің барлық саласында артып келеді.
"Азаматтардың эмоционалдық саулығын сақтау, отбасы институтын нығайту, балалар мен жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек ұжымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру сапалы кәсіби психологиялық көмекті қажет етеді. Заң психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға және азаматтарды сапалы психологиялық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған", – деді депутат.
Заң аясында психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейтіледі. Атап айтқанда, мамандардың білім деңгейіне, кәсіби құзыреттері мен біліктілігіне нақты талаптар белгілейтін кәсіби стандарт енгізіледі.
Сонымен қатар психологтардың кәсіби жауапкершілігі мен құпиялылық қағидаттарын сақтауын қамтамасыз ететін Кәсіби әдеп кодексі бекітіледі.
Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми тұрғыдан негізделген әдістерді қолдану талабы енгізіліп, мамандардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған супервизия институты қарастырылады.
Заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – психологтарды сертификаттау жүйесінің енгізілуі. Сертификаттау маманның кәсіби даярлық пен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
"Сондай-ақ психологтардың мемлекеттік тізілімі жүргізіледі. Бұл тізілімге енгізілген психологтар өздерінің кәсіби қызметінің сапасы үшін жауапты болады. Аталған тетіктерді енгізу үшін елімізде қажетті кадрлық және институционалдық база қалыптастырылған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, психолог мамандарын даярлаумен 43 жоғары оқу орны айналысады. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда, ал жыл сайын 4 мыңға жуық маман оқуын аяқтайды", – деді Әсем Рахметова.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде бұл орталықтар 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берген.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық психологтарға кейбір жұмыс әдістерін қолдануға тыйым салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:35, 25 маусым 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысатынын мәлімдеді
-
14:20, 25 маусым 2026
Президент қазақстандық телевизияның 106 жастағы аңыз тұлғасын ерекше атап өтті
-
14:04, 25 маусым 2026
Президент тапсырмасымен аймақ тілшілері баспаналы болады
-
14:02, 25 маусым 2026
Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-тың ағартушылық миссиясын атап өтті
-
13:59, 25 маусым 2026
Журналистер жалған ақпарат пен дипфейкке қарсы күресте маңызды рөл атқарады - президент





