Қазақстанда 25 тамыздан бастап алименттер арнайы банктік шоттарға аударылады

20:20, 23 шілде 2026
MKZ: 1557700

© Сурет: Zakon.kz

2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы № 325-VIII "Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңында көзделген.

Аталған Заңмен Қазақстан Республикасының "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңы 102-1-баппен толықтырылды. Енді алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде өндіріп алынған алимент сомалары алименттерді есепке алуға арналған банктік шотқа ғана аударылатын болады. Бұл үшін өндіріп алушы сот орындаушысына осындай банктік шоттың деректемелерін ұсынуға міндетті.

Енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған ақшалай қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес алименттерді есепке алуға арналған банктік шоттағы ақшаға тыйым салуға жол берілмейді. Бұл алимент қаражатының тек өзінің тікелей мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтамасыз етіп, өндіріп алушының өзге де міндеттемелері бойынша атқарушылық әрекеттердің қолданылуынан қорғайды.

Аталған талаптар атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент алатын өндіріп алушыларға қолданылады. Олар алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға міндетті. Мұндай шотты ашу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларымен айқындалған.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі арнайы банктік шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайтынын түсіндіреді. Сонымен қатар өндіріп алушы алименттерді есепке алуға арналған банктік шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін өндіріп алынған алимент сомаларын аудару мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы өндіріп алушыны көрсетілген шоттың деректемелерін ұсыну қажеттігі туралы хабардар етуге міндетті. Тиісті деректемелер ұсынылғаннан кейін өндіріп алынған қаражат белгіленген тәртіппен өндіріп алушыға аударылады. Бұл ретте алимент бойынша қалыптасқан берешек сақталады және есептен шығарылмайды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі алименттерді есепке алуға арналған арнайы банктік шоттарды ашатын екінші деңгейдегі банктердің тізбесін, сондай-ақ ашылған мұндай шоттардың санын есепке алмайтынын хабарлайды. Аталған ақпаратты ұсыну Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге жатады.

Жаңа нормалар алимент алушылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға және балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған ақшалай қаражаттың сақталуына қосымша кепілдік беруге бағытталған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!