Қазақстанда құтыру ауруы бойынша азаматтарға ескерту таратылды

10:50, 20 сәуір 2026

© Фото: freepik

2026 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі азаматтарға құтыру ауруына қатысты маңызды ескерту таратты. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.

Ведомство мәліметінше, құтыру – емі жоқ, өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру әлем бойынша әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Құтыру орталық жүйке жүйесін зақымдайды және ауыр асқынуларға әкеліп, көп жағдайда өліммен аяқталады. Сондықтан мамандар бұл аурудың алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Құтыру 150-ден астам елде кездеседі, жыл сайын әлемде 55 мыңнан астам адам осы аурудан көз жұмады.

2025 жылы республика бойынша құтырудың 3 жағдайы өліммен аяқталған.

Жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейлеуі салдарынан медициналық көмекке 60 153 адам жүгінген, ал ағымдағы жылдың І тоқсанында – 14 134 адам. Барлығына медициналық көмек көрсетілді.

Халықтың арасында құтырудың профилактикасы мақсатында медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тұрақты түрде санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілуде.

Құтырумен күрестің негізгі шарасы – дереу құтыруға қарсы вакцинациялау курсынан өту және тістелген, тырналған немесе сілекей тиген жерді 20% сабынды ерітіндімен молынан жуу.

Құтырудың алдын алу үшін мыналар ұсынылады:

  • жабайы жануарлармен байланысқа түспеу, өйткені сау жабайы жануарлар әдетте адамнан қашқақтайды;
  • үй жануарларына құтыруға қарсы профилактикалық екпелерді міндетті түрде жасау;
  • үй жануарының мінезі өзгерсе, басқа жануардан жарақат алса немесе себепсіз өлсе, міндетті түрде ветеринар маманға жүгініп, бақылау орнату немесе өлім себебін анықтау;
  • егер жануармен (сырттай сау көрінсе де) байланыс болған жағдайда, тұрғылықты жердегі травматологиялық пунктке дереу жүгініп, жараны өңдету және вакцинациялав курсынан өту қажет. Вакцинациялау тегін жүргізіледі. Жараны шаруашылық сабынды мол қолдана отырып өңдейді;
  • тағайындалған емнен еш жағдайда бас тартпау және өз бетінше тоқтатпау қажет, себебі бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Құтыруды емдейтін дәрі жоқ. Ауру жануар тістеген адам үшін құтыруға қарсы вакцина – өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Сондықтан вакцинациялауды дереу жүргізу қажет.

"Арнайы емнің (құтыруға қарсы вакцина және иммуноглобулин алу) тиімділігі тістегеннен кейін медициналық көмекке жүгіну уақытына тікелей байланысты екенін есте ұстау қажет." Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!