Қазақстанда кассациялық сотқа жүгінудің бірыңғай тәртібі енгізілмек

19:34, 9 қазан 2024

© Сурет: Zakon.kz

2024 жылы 9 қазанда Мәжілісте депутаттар сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Сенаттың қарауына жолданды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Бірінші оқылымда мақұлданғаннан кейін түзетулерге біршама өзгеріс енгізілді. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, кассациялық қадағалауды жетілдіруге қатысты нормалар қайта қаралған.

"Биыл 5 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойды. Ол 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Осыған байланысты сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық сотқа жүгінудің және сот актілерін қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізу ұсынылып отыр. Істер кассациялық соттарда алдын ала қаралмастан, үш судьядан тұратын алқаға тікелей жіберілетін болады. Кассациялық соттың істерді қарау мерзімі алты айдан аспайды. Сот процесі тараптар шақырыла отырып, ауызша жүргізіледі", – деді Имашева.

Сонымен бірге кассацияға қатысты қолданыстағы шектеулер 2027 жылы 1 шілдеден бастап алынып тасталады. Азаматтық істер бойынша талап қою сомасы 200 АЕК-тен төмен жеке тұлғалардың және талап қою сомасы 30 мың АЕК-тен төмен заңды тұлғалардың мүліктік мүддесіне байланысты даулар бойынша шектеулер, теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жөніндегі шектеулер алынып тасталады.

Сондай-ақ Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Оның негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады.

"Сот актілері ерекше жағдайларда Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша Жоғарғы Сотта қайта қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайларға мыналар жатады: сот практикасы біркелкілігінің бұзылу жағдайы, мемлекет немесе қоғам мүддесін қозғайтын жағдай, қабылданған сот актілері айқындалмаған тұлғалар тобының құқығын бұзатын не адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін жағдай және тағы басқалар", – деді Имашева.

Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенаттың қарауына жолдады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!