Қазақстан бизнесінің шетел нарығындағы мүмкіндіктері кеңейеді
© Фото: Zakon.kz
Құрылтай депутаттары Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясындағы қызмет көрсету саласына қатысты жаңа ережелерді бірінші оқылымда мақұлдады. Өзгерістер қызмет көрсету нарығындағы талаптарды жеңілдетіп, оларды ашық әрі түсінікті етуге бағытталған, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылғы 16 қыркүйекте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев депутаттарға Қазақстанның ДСҰ аясындағы қызметтер саудасы бойынша міндеттемелеріне енгізілетін өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасын таныстырды.
Министрдің айтуынша, Қазақстан ұйымға кіргеннен бері елдің сауда көлемі екі есеге жуық өскен. Атап айтқанда, 2015 жылғы 76,5 млрд доллардан 2025 жылы 136,9 млрд долларға дейін артқан.
"Сонымен қатар халықаралық ұйымдар Қазақстанның сауда рәсімдерін жеңілдету және сауда процестерін цифрландыру бағытындағы жетістіктерін ерекше атап өтуде. Ұсынылып отырған заң жобасы осы жұмыстың және ДСҰ аясында қабылданған міндеттемелерді орындаудың жалғасы болып табылады. Өзгерістер Қызметтер саудасы туралы бас келісімді дамыту мақсатында Қазақстанның ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылуын көздейді. 2025 жылы қызметтер саудасы әлемдік сауданың шамамен 28 пайызын құрады. Бұл ретте оның өсу қарқыны тауарлар саудасының өсу қарқынынан жоғары болды", – деді министр.
Қызметтер саудасы 5,3 пайызға, ал тауарлар саудасы 4,6 пайызға өскен.
"Бүгінде әңгіме тек көлік, қаржы, сақтандыру немесе туризм сияқты дәстүрлі қызметтер туралы емес. IT-қызметтер, электронды коммерция және білім беру қызметтері де белсенді дамып келеді. Қазақстанда да бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Мәселен, 2025 жылы қызметтер экспорты шамамен 13 млрд долларды құрады. Соңғы бес жылда электронды сауда көлемі сегіз есеге өсіп, 3,8 трлн теңгеге жетті. Ұсынылып отырған талаптар қызмет көрсету саласын, оның ішінде қаржы қызметтерін реттеудің жалпы негіздерін белгілейді. Қағидалар өтініш беру рәсімдері мен оларды қарау мерзімдерін жеңілдету, сондай-ақ өтініштер мен рұқсат құжаттарын электронды түрде тапсыру мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды қамтиды", – деді Арман Шаққалиев.
Сонымен қатар ол ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шараларды олар әзірленіп жатқан кезеңде талқылау мүмкіндігіне ерекше назар аударылғанын атап өтті.
"Осылайша негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету. Бұл ретте қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтінін атап өткен жөн. Қазақстан лицензиялау, біліктілік талаптары және басқа да қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын сақтап қалады. Мұндай шаралар денсаулықты, қауіпсіздікті және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер ашатыны маңызды", – деп есептейді Шаққалиев.
Оның пікірінше, бұл қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
"Цифрлық экономиканың, электронды коммерцияның, қаржылық, көлік, IT және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қызмет көрсету саласын реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру бәсекелестікті дамытуға, инвестиция тартуға және қызметтер экспортын ұлғайтуға ықпал етеді. Бұл қағидаларды ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағымсыз салдарға әкелмейді әрі республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді", – деп толықтырды министр.
2026 жылғы 10 қыркүйекте депутаттар Қазақстан Құрылтайының регламентін қабылдаған болатын.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
18:06, 16 қыркүйек 2026
БАӘ-дегі апалы-сіңлілі қыздардың өлімі: СІМ тергеу шаралары әлі жүріп жатқанын жеткізді
-
17:56, 16 қыркүйек 2026
СІМ шетелге шығар алдында Қазақстан азаматтары нені жадыда ұстауы керектігін айтты
-
17:49, 16 қыркүйек 2026
Президент Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына орай Қостанай жұртшылығына құттықтау жолдады
-
17:31, 16 қыркүйек 2026
Таиланд арадағы визасыз режимді неге өзгертті - СІМ түсініктемесі
-
17:11, 16 қыркүйек 2026
«Құндылықтар, этика, болашақ». Ерлан Қарин ішкі саясат басымдықтарын атады





