Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр

14:18, 14 шілде 2026

© Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 14 шілдеде өткен Үкімет отырысында Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер мен агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) өнімдерінің экспортын ұлғайту жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен ел экономикасының негізгі өсім драйверлерінің біріне айналып келеді. Биылғы қаңтар–мамыр айларында ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 3,6%-дан 4,4%-ға дейін жеделдеген.

"Ең жоғары өсім Түркістан, Қостанай және Павлодар облыстарында тіркелді. Бүгінде өткен жылдары өсімдік шаруашылығында болған мәселелердің басым бөлігі шешімін тапты. Өсімдік шаруашылығы біртіндеп әртараптандырылған әрі механикаландырылған салаға айналып келеді. Экспорт көлемі артып, шетелге жеткізілетін өнім түрлері де көбейіп жатыр. Биылғы қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға жоғары", – деді Серік Жұманғарин.

Ол жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 7,2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда 230-дан астам жаңа өнеркәсіптік жобаның әзірленгені хабарланған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!