Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын вице-президент лауазымына ұсынды

10:50, 31 тамыз 2026
MKZ: 1564308

© Сурет: akorda.kz

2026 жылдың 31 тамызында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын Қазақстан Республикасының вице-президенті лауазымына ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Құрылтай депутаттарын оның кандидатурасын қолдауға шақырды.

"Ең алдымен вице-президенттің кандидатурасын келісуіміз керек. Ерлан Қарин. Оның кандидатурасын қолдауларыңызды сұраймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарына.

Ерлан Қарин 1976 жылғы 26 мамырда Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін "Тарих және география" мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәнінің мұғалімі біліктілігін алған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын аяқтаған. Саяси ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1998 жылғы наурыздан бастап Қазақстанның даму институты Саяси зерттеулер орталығының қызметкері, Ресей және Қытай институты директорының орынбасары болды. 2000 жылғы шілдеде Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінің директоры қызметіне тағайындалды.

2002 жылдан бастап Қазақстан премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі, 2003 жылдан "Асар" республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Қазіргі заманғы саясат халықаралық институтының бас директоры қызметтерін атқарды. 2004 жылғы маусымнан Антитеррористік бағдарламалар орталығын басқарды, ал 2006 жылғы мамырдан Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.

2008 жылғы ақпанда Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, сол жылдың қарашасында "Нұр Отан" партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметіне кірісті. 2013 жылғы желтоқсаннан АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Америка университетінің шақырылған профессоры, 2014 жылғы қазаннан Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болды.

2017 жылғы ақпаннан "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2019 жылғы сәуірден 2020 жылғы шілдеге дейін Президенттің кеңесшісі, кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды.

2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Сол жылғы 14 маусымнан бастап мемлекеттік кеңесші қызметін атқарды. 2026 жылғы 30 маусымнан бері Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!