Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы шабуылдарға байланысты Путинге көңіл айтты

09:00, 24 маусым 2024

© Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Дағыстандағы терактіге байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Ақорда таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.

Бұған дейін Дербенттегі синагога мен шіркеуге белгісіз біреулер оқ атқан, сонымен қатар Махачкалада жол полициясы бекетіне шабуыл жасағаны хабарланған болатын. Ресей Тергеу комитетінің Дағыстан Республикасы бойынша Тергеу басқармасы Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 205 ("Террористік акт") 1-бап бойынша қылмыстық іс қозғады.

Кейін Махачкала мен Дербентке жасалған қарулы шабуылдың салдарынан алты полицейдің қаза тапқаны белгілі болды. Соңғы мәліметтер бойынша, 15-тен астам полиция қызметкері, сондай-ақ бірнеше бейбіт тұрғын, соның ішінде Орыс православие шіркеуінің діни қызметкері лаңкестік әрекеттердің құрбаны болды.

Дағыстан басшысы Сергей Меликов 24, 25 және 26 маусым күндері елде қаралы күн деп жарияланғанын хабарлады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!