Қаскелеңде итке таланып, сан еті мен құлағынан айрылған балаға қаржының жоқтығынан тиісті ота жасалмаған

11:38, 5 тамыз 2026
MKZ: 1559748

© Фото: pxhere

Алматы облысында қабаған иттерге таланып, сан еті мен құлағынан айырылған он бір жастағы балаға қатысты сот жалғасуда. Күдікті деп танылған оңалту орталығының қожайыны өзіне шаң жуытар емес, деп хабарлайды Zakon.kz.

"КТК" телеарнасының ақпаратына сүйенсек, қабаған иттерге аяусыз таланған Максимге қатысты бүгін кезекті сот отырысы өтті. Күдікті ретінде жануарлардың иесі танылған. Алайда ол өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Тіпті баланы құтқару кезінде өлтірілген иттерін "әлі күшік еді" деп ақтаумен әлек.

Адам шошырлық оқиға осыдан тура бір жыл бұрын Алматы облысында болған. Достарымен бірге футбол ойнауға кеткен 11 жастағы оқушыны жеке аумақтан шығып кеткен үш ит оңдырмай талаған. Соның салдарынан сан еті мен құлағынан айырылған жеткіншек әлі емделіп жүр. Қажет қаржының жоқтығынан, оған тиісті ота да жасалмаған.

"Міндетті түрде жасалатын отаға, өкінішке қарай, жәбірленуші тарапта ақша жоқ болғандықтан, үш отаны өткізіп алдық. Сол отаны жасау үшін бізге қазір материалдық залалды өндіру талап‑арызын беріп отырмыз. Ота әлі жасалынбады".Арман Шәріпов, заңгер:

"Айдың-күннің аманында баламды денсаулығынан айырды" деген ана, иттердің иесі "қатаң жазаланса" дейді. Себебі, күдікті осы күнге дейін бірде-бір рет кешірім сұрап келмепті. Максимның еміне 4 миллион теңгеден аса қаржы кеткендіктен, алдағы уақытта жәбірленуші тарап бар шығынды өтеп алуды көздеп отыр.

Бұған дейін Жетісайдағы тойдан тараған даулы бейнежазбаға ІІМ пікір білдіргенін жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!