Франция мен Испаниядағы орман өрті: мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр
© Фото: zakon.kz
Франция тұрғындары орман өртіне байланысты үйлерін жаппай тастап кетіп жатыр. Ал Испания үкіметі Мадрид маңындағы екі ірі өрт ошағы бірігіп кеткеннен кейін ел тарихында алғаш рет төтенше жағдай жариялады. Екі мемлекет те Еуропалық Одақтан көмек сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Францияның оңтүстік-батысындағы жергілікті билік Атлант мұхиты жағалауындағы Кап-Ферре түбегінің тұрғындарын жаппай эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Бұған орманның 19 мың гектардан астам аумағын жойған, "өте қарқынды әрі болжап болмайтын" өрт себеп болған. Қызыл жалын салдарынан 80 тұрғын үй өртеніп кетті, деп жазады The Guardian.
Жиронда префектурасының мәліметінше, екі күн ішінде Кап-Ферреден 110 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың арасында кемпингтерде демалып жатқан туристер мен жалға алынған үйлерде тұрған адамдар да бар.
Тұрғындар түбектегі айлақтардан қайықтар арқылы қауіпсіз аумақтарға жеткізілді. Себебі өрт түбекке апаратын жалғыз жолды жауып қалу қаупін тудырған. Аркашон шығанағының солтүстігіндегі Жиронда өңірінде 800-ге жуық өрт сөндіруші және су шашатын төрт ұшақ тілсіз жаумен күресіп жатыр. Алайда өрт ошақтарын толық ауыздықтау, әзірге мүмкін болмаған.
Аймақтағы тағы бір ірі өрт Бискарросс танымал курорты маңында өршіп, 2,5 мың гектардан астам жерді шарпыды. Соның салдарынан 31 мың адам эвакуацияланды.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес қазіргі уақытта ел аумағында 32 орман өрті тіркелгенін айтты. Оның мәліметінше, жыл басынан бері Францияда 50 мың гектарға жуық жер өртенген.
Ғалымдардың айтуынша, орман өрттерінің жиілеуіне климаттың өзгеруі әсер етуде. Сарапшылар Еуропадағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткішке қарағанда шамамен екі есе жылдам көтеріліп жатқанын айтады.
Орман өрттерінен Франциямен қатар Испания да зардап шегіп отыр.
Мадрид автономды өңірінің басшысы Исабель Диас Аюсо жағдайды "аймақтағы ең ірі орман өрті" деп атады.
"Бұл – өңір тарихындағы ең үлкен орман өрті. Төтенше жағдайға аса жоғары температура мен тоқтаусыз соққан желдің қатар келуі себеп болды", – деді ол.
Испания үкіметі елде төтенше жағдай жариялады. Бұған ел астанасы маңындағы және көршілес Авила провинциясындағы орман өрттерінің күшеюі себеп болды. Өрт салдарынан 63 мың адам эвакуацияланды немесе оқшауланған аумақтарда қалды.
Мадрид аймақтық үкіметі жағдайды "аса күрделі" деп бағалап, Еуропалық Одақтан көмек сұрады. Билік кемінде төрт белсенді өрт ошағы бар екенін және олардың "қолда бар өрт сөндіру мүмкіндіктерінен асып кетуі мүмкін" екенін мәлімдеді.
Еуропалық орман өрттері туралы ақпарат жүйесінің мәліметіне сәйкес, Еуропалық Одақ аумағында биылғы кезеңдегі өрттердің қарқындылығы соңғы жылдардағы рекордтық деңгейге жеткен.
Бұған дейін Испанияда футбол мерекесі қайғылы жағдаймен аяқталғаны хабарланған.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
16:42, 25 шілде 2026
Тоқаев Омбы қаласына келіп жетті
-
16:31, 25 шілде 2026
Қазақстанның бірқатар өңіріне аптап ыстық қайта оралады - синоптиктер
-
15:14, 25 шілде 2026
Оңтүстік астанада есірткі сататын сайттың QR-кодын қабырғаларға желімдеген жұмыссыз ұсталды
-
15:04, 25 шілде 2026
Алматыда құны 5 млн теңгеден асатын контрафактілі монтаж желімі тәркіленді
-
14:32, 25 шілде 2026
Йемендегі хуситтердің шабуылы мұнай бағасын өсіруі мүмкін, алайда Қазақстанға одан пайда жоқ - сарапшы





