Әзілдің соңы жазаға ұласуы мүмкін: ұшақта қандай сөздерді айтуға болмайды

11:54, 11 қыркүйек 2026
MKZ: 1566313

© Фото: Zakon.kz

Күнделікті өмірде әңгіме арасында немесе әзіл ретінде айтылатын кейбір сөздер ұшақта мүлде басқа мағынаға ие болып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Zakon.kz.

2026 жылғы 11 қыркүйекте Көлік министрлігі әуежайда ұшаққа отыру кезінде және әуе кемесінің бортында қандай сөздерді айтпау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ абайсызда айтылған қауіп тудыратын сөздің салдары қандай болуы мүмкін екенін ескертті.

"Авиацияда "бомба", "жарылыс", "террорист", "қару", "басып алу" секілді сөздер мен басқа да мәлімдемелер қауіпсіздікке төнген қатерді білдіруі мүмкін. Ықтимал қауіп туралы кез келген ақпаратқа байыппен қаралады, ал экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген рәсімдерге сәйкес әрекет етуге міндетті", – деп жазды Көлік министрлігі.

Ведомство мысал ретінде Алматы – Ақтау бағытындағы рейсте жуырда болған оқиғаны келтірді. Жолаушылардың бірі әзілдеп "бомба" деген сөзді айтқан. Оқиғаға авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясының өкілдері дереу араласып, ер адам рейстен түсірілген. Салдарынан ұшақтың ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешіккен.

Көлік министрлігінің атап өтуінше, кейбір адамдарға мұндай шаралар тым қатаң болып көрінуі мүмкін.

"Алайда авиация үшін олай емес. Экипаж айтылған сөздің әзіл, абайсызда айтылған сөз немесе нақты қауіп туралы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды. Сондықтан мұндай кез келген мәлімдемеден кейін авиациялық қауіпсіздік рәсімдері дереу іске қосылады: ұшақ пен багаж тексеріледі, арнайы қызметтер тартылады, адамдар эвакуациялануы немесе әуежайдың жекелеген аймақтарына кіруге шектеу қойылуы мүмкін. Соның салдарынан ұшақты немесе экипажды ауыстыру, рейсті кейінге шегеру және жолаушыларға қайта қызмет көрсету қажеттілігі туындайды. Мұның бәрі әуе компаниясы мен әуежайға қосымша шығын әкеледі", – деп түсіндірді ведомство.

Мұндай үрей тудыратын сөздер үшін қолданылатын жазаға келсек, Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар берген адамға айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ұшақта және әуежайда мына жайттарға қатысты орынсыз әзілдеуге немесе себепсіз айтуға тыйым салынады:

  • бомба;
  • жарылғыш зат;
  • қару;
  • тапанша;
  • террористер;
  • террорлық акт;
  • ұшақты басып алу;
  • жолаушыларға немесе экипаж мүшелеріне зиян келтіру ниеті;
  • багажда немесе қол жүгінде қауіпті заттардың болуы.

Бұл сөздердің әзілдеп немесе шынайы айтылғаны маңызды емес. Егер айтылған сөз ықтимал қауіптің бар екенін білдірсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оған тиісті деңгейде назар аударуға міндетті.

"Жолаушылар абайсызда айтылған бір сөздің өз рейсінің кешігуіне ғана емес, жүздеген жолаушы мен экипаж мүшесіне қолайсыздық туғызып, әуежай жұмысына кедергі келтіруі мүмкін екенін есте ұстауға тиіс", – деп қорытындылады Көлік министрлігі.

Қазақстанда мұндай "әзілдер" үшін ғана емес, басқа да әрекеттер үшін жауапкершілікке тартылуға болады. Мәселен, Ұлыбритания азаматы ұшу кезінде ұшақ дәретханасында электронды темекі шегіп, 50 АЕК, яғни 216 250 теңге көлемінде айыппұл арқалаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!