Есірткі, криптовалюта және жасырын орындар: Алматыда есірткі тасымалдаушы ұсталды

11:35, 26 қараша 2026
MKZ: 1579834

© Фото: pexels

Алматыда полиция қызметкерлері есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырумен айналысқан күдіктіні ұстады. Тінту кезінде одан тыйым салынған заттар салынған 21 орама табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы қалалық Полиция департаментінің 2026 жылғы 25 қарашадағы мәліметінше, есірткі таратумен айналысқан деген күдікке ілінген азамат жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ұсталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, одан тәркіленген зат мефедрон болуы мүмкін. Ол есірткіні жасырын орындарға жасыру арқылы одан әрі таратуға арналған.

"Ұсталған азамат есірткі сататын интернет-дүкеннің курьері болып жұмыс істегенін түсіндірді. Ол онлайн-платформа операторынан тапсырма алып, тыйым салынған заттарды өз бетінше жасырын орындарға орналастырған. Ал еңбекақысын криптоәмиян арқылы алған", – деп хабарлады ведомство.

Тәркіленген зат сот сараптамасына жіберілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті қамауға алынды. Қазір есірткінің заңсыз айналымына қатысты істің мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтарды ұстау шаралары жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігі қараша айының алғашқы онкүндігінде жүргізілген соңғы операциялар мен есірткі қылмысына қарсы күрестің нәтижелері туралы мәлімет берген болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!