Әр қиындықтың қайыры бар – Тоқаев

09:13, 3 қаңтар 2025

© Сурет: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ana tili газетіне берген сұхбатында былтыр Қазақстанда болған алапат су тасқыны туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның сөзінше, бұл тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тас­қын Қазақстанда бұрын болмаған.

"Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы. Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті. Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды", - деді ол.

Тоқаевтың пайымдауынша, бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді.

"Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген. Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыс­тарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды", - деді Мемлекет басшысы.

Ол сонымен бірге 2024 жылғы желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында өткен One Water Summit атты басқосуына да тоқталды.


"Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледім. Онда суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталдым. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді. Күрделі сәттерде қоғамдағы қордаланған келеңсіздіктердің беті ашылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ әр қиындықтың қайыры бар. Сондықтан дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн. Біз өзекті мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдап, істің көзін таба білуіміз қажет. Әдетте мемлекеттік қызметшілерді орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады. Алайда бәрі де салыстырғанда көрінеді. Әсіресе басқа елдермен салыстыру арқылы сараланады. Біз коронавирус індетінен бастап қазірге дейін дағдарысты жағдайлардың бәрінен ойдағыдай өтіп келеміз", - деді ол.

Президенттің айтуынша, көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты.

"Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр", - деді Тоқаев.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!