Энрике Иглесиастың концертіне байланысты Астананың кей көшелерінде көлік қозғалысы шектеледі

10:10, 2 қыркүйек 2026
MKZ: 1564700

© Фото: pixabay

Астана әкімдігі 2026 жылғы 3 қыркүйекте өтетін әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың концертіне байланысты "Астана Арена" маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Испаниялық өнерпаздың елордадағы концерті сағат 20:00-де басталады. Көрермендердің қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету үшін стадион маңындағы көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Шектеу:

"Алау" мұз сарайынан бастап Марко Поло көшесі бойынша;

"Сарыарқа" велотрегі бастап Месроп Маштош көшесі бойынша енгізіледі.

Әкімдік жүргізушілерден қала бойынша қозғалыс кезінде уақытша шектеулерді ескеруді сұрады.

"Маршрутты алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше қоғамдық көлікпен немесе шаттл-маршруттармен жүруге кеңес беріледі. Бұл стадион маңындағы кептеліс пен тұраққа қатысты қиындықтардың алдын алуға көмектеседі", – деді әкімдік өкілдері 2026 жылғы 1 қыркүйекте.
Энрике Иглесиастың концертіне байланысты Астанада кей көшелерде көлік қозғалысы шектеледі, сурет - Zakon.kz жаңалық 02.09.2026 10:10

Сурет: Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар концерт кезінде арнайы шаттл-маршруттар іске қосылады.

Шаттл автобустары мына тұрақтардан қатынайды:

  • Елорда циркі жанындағы тұрақ;
  • "Хазрет Сұлтан" мешіті жанындағы тұрақ;
  • Қажымұқан көшесіндегі "Қазақстан" спорт кешені жанындағы тұрақ;
  • "Нұр-Сұлтан" мешіті (Бас мешіт) жанындағы тұрақ.

Энрике Иглесиастың Қазақстанда концерт беретіні 2026 жылғы 6 наурызда белгілі болды. Әнші Instagram парақшасында 3 қыркүйекте Астанадағы "Астана Аренада", ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда концерт өткізетінін хабарлаған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!