Елдің карточкасынан ақша шешетін алаяқтар көбейді

10:29, 14 қазан 2020

Желіде қарапайым халықтың адал ақшасын арам жолмен жымқыратындар көбейіп жатыр. Жыл басынан бері тек астаналықтардың өзі жалпы соммасы 2,5 млн теңгеге алданып қалған екен. Дені зейнеткерлер. Одан қалды, басыңызда несие барын біліп қалсаңыз таңғалмаңыз. Алаяқтар қазір жеке куәліктің көмегімен-ақ кредит рәсімдей беретін болған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Желідегі алаяқтардың жымысқы әрекеті бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады. Әуелгісі танымал сайттардың бірінде.

Саят Дүйсенбаев, қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының кибер қылмыстармен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

Адамдар өзінің жеке меншік заттарын сатамын деп жарнамаға қояды. Алаяқтар сол жарнамаларды қарап отырып, зерделеп, хабарласып, сол затты сатып аламын деп келіседі.
Сөйтіп, артық ойы жоқ әлгі адам, тауарын сатып алмақшы болған тұлғаға қажетті жеке ақпараттарын жібереді. Осымен бар шаруа бітуі керек еді, тек...

Саят Дүйсенбаев, қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының кибер қылмыстармен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

Алаяқтар ол кісілердің банктық шоттарына алғашқы сомасын салар алдында шамамен 1-1,5 млн теңгені артығымен салып жібереді де, біз сізге байқаамастан көп ақша салып жібердік деп алдау жолымен карточканың құпия номерін сұрап алып, кейін сол карточкадағы барлық ақшаны өздеріне шешіп алады.

Осындай жолмен тек бас қаланың өзінде 50-ге жуық адам жалпы соммасы 2,5 млн теңгеге алданған екен. Дені, зейнеткерлер.

Талғат Булегенов, қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының басшысы:

Алаяқтар сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырады. Сөйтіп, жеке деректеріңіз бен картаңыздың реквизиттерін сұрайды. Соңында, барлық керек ақпараттарды анықтап алған соң, шотыңыздағы бүкіл ақшаны өзіне аударып алады.

Ал мынау елде тарап жатқан интернет алаяқтығының екінші тәсілі. Тоғыз айда осындай шағыммен 90 арыз түскен екен. Алайда бар мәселе тек осымен ғана тоқтаса қане. Желідегі алаяқтықтың тағы бір түрі.

Ольга Смирнова, қала тұрғыны:

Маған коллекторлық агенттіктен хабарласып, сіздің 200 мың теңгедей қарызыңыз бар дейді. Кейін анықтағанымдай, менің банк картамның 20 сандық номері арқылы, маған несие рәсімдеген екен. Ал менен тауар алған азматшаның өзіне хабарлассам, телефоның көтермейді. Қазір оның үстіне полицияға арыз жаздым. Тергеу жүріп жатыр.

Сонымен, қазір бас қала бойынша алаяқтар үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Барлығы картаныңыздың реквизиттері я ЖСН арқылы ғана жымысқы әрекеттерін оңай жүзеге асырып әлек. Сондықтан заң өкілдері қандай жағдай болмасын желі арқылы жеке ақпаратарды жалпақ жұртқа жарияламаңыздар деп ескертеді.

Айсана Сман, заңгер:

Мұндай жағдай болса, міндетті түрде полицияға барып, арыз беру керек. одан кейін ар жағы ол құқық қорғау органының жұмысы. Екінші мәселе бар. көп жағдайларда мұндай алаяқтарды табу өте қиын.

Айтпақшы, жоғарыда айтылған деректер тек бас қалаға ғана қатысты. Өзге өңірлерде де мұндай алаяқтар жетіп артылады. Ал құзырлы органдардың сөзінше, осы сарындағы қылмыстардың тек 35 пайызы ғана ашылады екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!