Көйлек үшін басталған жанжал: Қарағандыда 25 жастағы әйелді зейнеткер әйнек сынықтарымен жарақаттады

22:01, 18 тамыз 2026
MKZ: 1562023

© Фото: Zakon.kz

Қарағандыда аулада серуендеп жүрген 25 жастағы әйел бейтаныс зейнеткердің шабуылынан жарақат алып, ауруханаға түсті. Оқиғаға әйелдің көйлегі себеп болған. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға Анжерская көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жәбірленушінің күйеуі Telegram-дағы Qumash арнасына оқиғаның қалай болғанын айтып берген.

Оның сөзінше, шамамен 40 жастағы әйел жұбайын көйлегіне бола себепсіз балағаттап, тілдескен. Артынша сөзге келіспеушілік туып, әлгі әйел жәбірленушінің арқасынан ішінде бөтелкелер мен қайшысы бар қоқыс пакетімен ұрған.

Салдарынан пакеттегі бөтелкелер сынып, әйнек сынықтары 25 жастағы әйелді жарақаттаған.

Полиция оқиға орнына шақырту түскенін растады.

"Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол 63 жастағы Қарағанды тұрғыны болып шыққан. Сондай-ақ 25 жастағы жәбірленушінің де жеке басы анықталды", – деп хабарлады полиция Zakon.kz тілшісіне.

Полиция мәліметінше, 63 жастағы әйел медициналық есепте тұр. Полиция қызметкерлері араласқаннан кейін ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылған.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!