Депутаттар дей береді. Бұл үкімет зейнет жасын төмендетпейді

12:41, 8 қазан 2020

Кредиттер кешірілсін, жалақы өссін, енді зейнет жасы қысқарсын дейді. Парламент қабырғасында соңғы кездері депутаттардың аузынан тек осындай ғана ұсыныстар еститін болдық. Жанға жақын, құлаққа қонымды естілетін бұл ұсыныстар партиялардың сайлау жақындағанда көзге түсу амалы дегенді де айтып жүргендер бар, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Төменгі палатадағы коммунистердің лидері Айқын Қоңыров зейнет жасын алпысқа дейін азайту керек деген бастама көтерді. Әрине, кезекті ұсыныс мақұлданып жатса, одан халықтың жаман болмайтыны анық қой, бірақ ел экономикасы бұған қаншалықты дайын?

Зейнет жасы қысқарсын, халықтың жағдайы жақсарсын! Мәжіліс қабырғасында жолданған депутаттық сауалдардың бірі осы болды. Елде вирус тарағалы індеттен бақилық болғандардың 70 проценті егде жастағы азаматтар екен. Осыны тілге тиек еткен депутат Айқын Қоңыров, қазыналы қарттарды зейнетке ертерек жіберуіміз керек дейді.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Ммәжілісінің депутаты:

"Халық коммунистері" фракциясы азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарауға шақырады. Алда ковидтің екінші толқыны, оған қоса маусымдық тұмаулар тағы бар. Бұл әсіресе 60 жастан асқан адамдарға қауіпті. Сондықтан біз халықтың пікіріне сүйене отырып, елімізде зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынамыз".

Одан қалды, жұмыссыздың мәселесі шешіліп, халықтың әл-ауқакты да айтарлықтай жақсарар еді дейді. Әрине, зейнет жасының төмендеуі жұрттың көңіліне жағатыны анық қой. Бірақ үміттен гөрі, күдік басым көбінде.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

"Біздің Парламент енді көппартиялы деп айтамыз. Бірақ, билік партиясының ұсынысы болса, мен айтар едім ол әрі қарай жалғасын табады деп, бірақ ол сайлау алдындағы науқан да болуы мүмкін".

Қалай болғанда да, бастама қолдау таба ма, жоқ па, осыны саралап көрейікші.

Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:

"Алпыс жасқа келген еркектің болсын, әйелдің болсын, денсаулығында, кәсіби біліктілігінде жалпы бір әлеуметіктік белсенділігінде баяушылық пайда болады. Осы тұрғыда әрине гуманистік көзқараста зейнет жасын алпыспен шектеу оңды. Бірақ, зейнетке шыққаннан кейін оның әл-ауқаты қалай болады?".

Иә, зейнет жасы қысқарып жатса, жұмыссыз жастардың саны азайып, халықтың әл-ауқаты да жақсарар еді. Алайда, зейнеткрелер зейнеттің бейнетін көре ала ма? Жалпы ел экономикасы бұған қаншалықты дайын?

Бауыржан Ысқақ, экономист:

"Қазіргі уақытта доллар бағасының қымбаттауына байланысты бюджеттің кіріс бөлігі үшін өте бір жағымды дүние болып тұр. Яғни, біз осы арадағы айырмашылықпен-ақ осы қазір депутаттардың ұсынып жатқан жақсы үрдісін қамтамсыз ете аламыз".

Дегенмен, салаға жауапты министрліктің айтары басқа. Үкіметте өткен бір ай бұрынғы брифингтен үзінді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі:

"Қазіргі уақытта, Үкімет зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырмайды. Себебі, Қазақстанда 1998 жылдан бері жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесі енгізілді. Оған байланысты ерте зейнетке шығуға болмайды. Қазіргі таңда ерлер 63 жасында, ал әйелдер 59,5 жасында зейнетке шығады".

Бір айда, бәлкім ойлары өзгерді ме екен деп жауапты ведомствоға қайта қоңырау шалдық. Дегендерінен қайтпады. Министрлік бұл мәселені қарастырмайды дейді!


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!