БҚО-да 55 жоба шеңберінде 487 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген

10:54, 10 сәуір 2026

© Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

БҚО-да облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілепберген Каюповтың төрағалығымен өткен кеңесте халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірінші тоқсандағы орындалу барысы жан жақты қаралды.

Жиын барысында өңірдегі еңбек нарығының қазіргі жағдайы сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.

Биыл облыс көлемінде 59 жобаны іске асыру арқылы 20 176 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл ауқатын арттыруға бағытталған.

Өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, ұлттық жобалар мен түрлі тұжырымдамалар аясында жүзеге асырылатын 55 жоба шеңберінде 487 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 91 жұмыс орны тұрақты сипатқа ие болса, 396 жұмыс орны уақытша негізде ұйымдастырылмақ.

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазіргі таңда өңірдегі экономикалық белсенді халық саны 357 116 адамды құрайды. Соның ішінде 340 153 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайызды құраса, жастар арасындағы деңгей 3,6 пайыз болып отыр. Бүгінде 16 608 адам жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұр.

Жыл басынан бері 20 250 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша бұл меже 22,2 пайызға орындалды.

Атап айтқанда, 1326 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды, 546 адам онлайн форматта кәсіби оқыту курстарынан өтуде, ал 1809 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.

Жиын барысында Бөрлі, Теректі және Тасқала аудандарының басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өз аумақтарындағы көрсеткіштерге тоқталды. Кеңес қорытындысында Тілепберген Каюпов нәтижелері төмен аудандарда жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау, тұрғындарды еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы жан жақты ақпараттандыру, сондай ақ электронды еңбек биржасы порталына деректерді толық әрі уақтылы енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс басшылығы алдағы уақытта да жұмыспен қамту бағытындағы жобаларды жүйелі түрде іске асырып, олардың тиімділігін арттыруға басымдық беретінін жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!