Бір қарағанда қауіпсіз көрінетін ақша аударымы қиындыққа соқтыруы мүмкін: қазақстандықтарға ескерту жасалды

12:34, 20 қазан 2026
MKZ: 1573320

© Фото: Zakon.kz

Алаяқтар өзге адамдардың деректерін пайдаланып шот ашады, банк қосымшаларына қол жеткізеді немесе ақша аударғаны үшін "оңай табыс" ұсыну арқылы қазақстандықтарды арбауына түсіреді.

Мұның салдары ақшадан айырылуға, банк операцияларының бұғатталуына және қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупіне әкелуі мүмкін.

2026 жылғы 20 қазанда Fingramota.kz сарапшылары мұндай алаяқтық тәсілдерді қалай тануға болатынын, дропперліктің қаупін және банк шоттарын қорғау жолдарын түсіндірді.

Бірінші жағдай. Сіздің атыңызға өзіңізге білдірмей банк шоты ашылған

Мынадай жағдайды елестетіп көріңіз: адамға бейтаныс біреу қоңырау шалып, оның банк шотына қателесіп ақша аударғанын айтады. Ол аударым сомасын атап, ақшаны дереу қайтаруды талап етеді. Алайда қоңырауды қабылдаған адам аталған банкте шот ашпаған әрі ешқандай операция жасамаған.

Мұндай жағдайлар алаяқтар өзге адамдардың жеке деректерін пайдаланып, қашықтан шот ашқанда немесе қаржылық қызметтерге қол жеткізгенде туындауы мүмкін.

Биыл Қазақстанда жария болған оқиғалардың бірінде әйелдің қатысуынсыз оның атына банк шоттары ашылған. Сол шоттар арқылы алты күн ішінде 36 млн теңгеге жуық ақша өткен.

Бұл оқиға жеке деректерді бөгде адамдардың пайдалануы қаншалықты ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Адам шотты өзі ашпаған күннің өзінде, болған жағдайдың мән-жайын дәлелдеп, құқықтарын қорғауға мәжбүр болуы мүмкін.

Не істеу керек?

Егер өз атыңызға ашылған белгісіз банк шотын анықтасаңыз, күмәнді аударым туралы хабарлама алсаңыз немесе біреу ақшаны қайтаруды талап етсе, дереу банктің ресми байланыс арналары арқылы хабарласыңыз.

Банктен шоттың қандай жағдайда ашылғанын және операциялардың қалай жасалғанын тексеруді сұраңыз. Өтінішіңізді тіркетіп, растайтын құжаттарды сақтап қойыңыз.

Мамандар бейтаныс адам берген деректемелер бойынша ақша аудармауға кеңес береді. Егер ақша шынымен қателесіп түскен болса, оны қайтару мәселесін банк арқылы шешу қажет. Алаяқтық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.

Екінші жағдай. "Ақша аударымдарын қабылдап, пайызын алып отыр"

Азаматтарды, әсіресе жастарды дропперлікке тартудың кең тараған тәсілдерінің бірі – интернетте "оңай табыс" ұсыну. Мысалы, студент онлайн төлемдер операторы ретінде қосымша жұмыс істеу туралы хабарландыруға тап болады. Жұмыс беруші еркін жұмыс кестесін, күнделікті төлемді уәде етіп, тәжірибе талап етілмейтінін айтады.

Бір қарағанда, міндеті қарапайым: жеке банк картасына ақша қабылдап, белгілі бір пайызын өзіне қалдырады да, қалғанын көрсетілген деректемелерге аударады. Кейде ақшаны қолма-қол шешіп алып, курьерге беру ұсынылады. Мәселен, 200 мың теңге аударғаны үшін 20 мың теңге сыйақы уәде етуі мүмкін. Ұйымдастырушылар операциялардың заңды екенін, ал орындаушы тек төлемдерді өңдеуге көмектесетінін айтып сендіреді.

Алайда сарапшылардың айтуынша, осы тұста орынды сұрақ туындайды: ұйым есеп айырысу үшін неге өзінің банк шоттарын пайдаланбайды?

Мәселе мынада: шотқа түсетін қаражат телефон немесе интернет алаяқтары азаматтардан ұрлаған ақша болуы мүмкін. Қаскөйлер бөгде адамдардың шоттарын пайдалану арқылы ақшаның қозғалысын жасырып, оның түпкілікті алушыларын анықтауды қиындатуға тырысады.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, өңір тұрғыны онлайн төлемдер операторы ретінде қосымша жұмыс істеу туралы хабарландыруға жауап берген. Оның банк картасына 2 млн теңгеден астам ақша түскен. Әйел түскен соманың 5%-ын өзіне қалдырып, қалғанын әрі қарай аударып отырған. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Қауіпті қалай аңғаруға болады?

Егер жұмысқа орналасу үшін банк шотын ашу, картаға қол жеткізу мүмкіндігін басқаға беру, өзгенің ақшасын қабылдау немесе сыйақы үшін оны әрі қарай аудару талап етілсе, бұл сізді дропперлікке тартуы мүмкін екенін көрсететін елеулі белгі.

Үшінші жағдай. Банкомат жанында бейтаныс адам көмек сұрайды

Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамдарды тек жұмыс туралы хабарландырулар арқылы арбауына түсірмейді. Кейде олар банкоматтардың немесе банк бөлімшелерінің маңында жүргендерге тікелей жүгінеді.

Мысалы, бейтаныс адам банк картасының бұғатталғанын, аударым лимитінен асып кеткенін немесе техникалық ақау болғанын айтады. Содан кейін сізден картаңызға ақша қабылдап, оны қолма-қол шешіп беруді не басқа адамға аударуды сұрайды. Көмегіңіз үшін аздаған сыйақы да ұсынуы мүмкін. Бұл ретте ол шұғыл шаруасы барын айтып асықтырады әрі операцияның еш қауіпсіз екеніне сендіруге тырысады.

Алайда сіз ақшаның кімге тиесілі екенін, қайдан түскенін және бейтаныс адамның өз банк шотын неліктен пайдалана алмайтынын білмейсіз. Егер қаражат қылмыстық жолмен алынған болса, сіздің шотыңыз алаяқтық аударымдар тізбегіндегі аралық буынға айналуы мүмкін.

Кейін банк ақшаның қайдан түскенін және қандай мақсатпен аударылғанын түсіндіруді сұрауы мүмкін. Ал құқық қорғау органдары қаражаттың сізге қалай түскенін және әрі қарай кімге аударылғанын тексеруі ықтимал.

Не істеу керек?

Бейтаныс адамдардың өтініші бір қарағанда зиянсыз көрінсе де, олардың ақшасын қабылдауға, қолма-қол шешіп беруге немесе басқа шотқа аударуға келіспеңіз. Егер адам шынымен банк қызметіне қатысты қиындыққа тап болса, оған өзі қызмет алатын банкке тікелей жүгінуге кеңес беріңіз.

Төртінші жағдай. "Шотыңызды қорғау үшін жеке басыңызды растаңыз"

Банк шоттарына қол жеткізудің тағы бір тәсілі әлеуметтік инженериямен байланысты. Алаяқтар өздерін банк, құқық қорғау немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, күмәнді операция жасалғанын, біреудің несие рәсімдеуге әрекеттенгенін немесе жеке деректерді шұғыл тексеру қажет екенін айтады.

Қаражатты қорғауды сылтауратып, SMS-кодты айтуды, сілтемеге өтуді, құрылғыға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша орнатуды немесе мобильді банкингте белгілі бір әрекеттерді орындауды сұрайды.

Бұдан өзге де тәсілдер кездеседі. Мысалы, ақшалай төлем, өтемақы, ұтыс туралы немесе жеке басты қайта растау қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберіледі. Ақшаны алу үшін адамға сауалнама толтыру, жеке куәлігінің фотосын жүктеу немесе жалған сайтта деректерін растау ұсынылады.

Нәтижесінде қаскөйлер құпия ақпаратты иемденіп, қаржылық сервистерге қол жеткізуі немесе клиенттің атынан операциялар жүргізуі мүмкін.

Не істеу керек?

Егер сізге банк шотыңызда мәселе туындағанын айтса, мамандар әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалуға кеңес береді.

Сондай-ақ SMS-кодтарды, құпиясөздерді және қосымшаға кіруге арналған деректерді ешкімге бермеңіз. Бейтаныс адамдардың нұсқауымен бағдарламалар орнатпаңыз. Кез келген әрекетті растамас бұрын банктен келген хабарламаның мазмұнын мұқият тексеріңіз.

Дропперлер кімдер және дропперлік несімен қауіпті?

Дропперлер – банк шоттары, карталары немесе қаржылық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі үшінші тұлғалардың мүддесіне сай операциялар жүргізуге пайдаланылатын адамдар. Мұндай операцияларға қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру да жатады.

Алаяқтық схемаларда дропперлер әртүрлі міндет атқаруы мүмкін: банк деректемелерін береді, ұйымдастырушылардың нұсқауымен шот ашады, ақша қабылдап, оны әрі қарай аударады немесе қолма-қол шешіп алып, басқа қатысушыларға табыстайды. Көбіне оларды заңды қосымша жұмыс, көмек көрсету немесе қарапайым қаржылық тапсырмаларды орындау деген желеумен тартады.

Бұл ретте екі жағдайды ажырата білу қажет:

  • - Біріншісі – адам алаяқтардың құрбаны болған жағдай. Мысалы, оның атына өзіне білдірмей шот ашылған немесе қаскөйлер алдау арқылы банк қосымшасына қол жеткізген.
  • - Екіншісі – адам өз шотын басқа біреулердің пайдалануына өзі берген немесе олардың мүддесі үшін ақша аударуға қатысқан жағдай. Мұндайда оның әрекеттеріне барлық мән-жайды, соның ішінде операциялардың сипатын, адамның жағдайдан қаншалықты хабардар болғанын және схемадағы рөлін ескере отырып, құқықтық баға берілуі мүмкін.

Банк шотына белгісіз ақша түскенінің өзі оның иесі автоматты түрде қылмысқа қатысушы деп танылады дегенді білдірмейді. Дегенмен мұндай операцияларға мұқият қарап, банкке уақтылы хабарласу қажет.

Дропперлік үшін қандай жауапкершілік көзделген?

Мамандардың еске салуынша, Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы қолданылады. Бұл бапта банк шоттарына, төлем құралдарына және сәйкестендіру құралдарына қол жеткізу мүмкіндігін заңсыз бергені, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарының жекелеген түрлерін жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Жасалған әрекеттің сипаты мен істің мән-жайына қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі түрлі жаза қарастырылған.

Бұдан бөлек, күмәнді операцияларға қатысу банк операцияларының шектелуіне, түсініктеме мен құжаттар ұсыну қажеттігіне, сот дауларына және ақшаны қайтару туралы талаптарға әкелуі мүмкін.

Заңнамада құқыққа қайшы әрекеттер туралы өз еркімен хабарлап, оларды ашуға көмектескен жағдайда, белгіленген шарттар сақталса, қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі көзделген. Алайда бұл адам автоматты түрде жауапкершіліктен босатылады дегенді білдірмейді. Мұндай шешім нақты мән-жайларға байланысты қабылданады.

Сарапшылардың айтуынша, егер банк картаңызды немесе шотыңызға қол жеткізу мүмкіндігін басқаға беріп қойған болсаңыз не күмәнді аударымдарға қатыссаңыз, жауапкершіліктен құтыламын деген үмітпен операцияларды жалғастыруға болмайды. Схеманы ұйымдастырушылармен байланысты дереу үзіп, банкке хабарлау және құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!