Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй нысандары жылу беру маусымына 100% дайын

15:42, 8 қазан 2024

© Фото: Zakon.kz

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде жылу беру маусымының басталуына байланысты ағымдағы жағдай қаралды.

Инженерлік желілер мен жылу автономды жылу энергия көздерінің дайындығы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл 161 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 93 млрд теңге көзделген. Оның ішінде:

104 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға берілетін нысаналы трансферттер есебінен 69 млрд теңге;

Үкімет резервінен 57 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға шамамен 24 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен жалпы сомасы 17 млрд теңгеге 69 шақырым жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жоспарланған.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдарға қаржыландыру жоспарына сәйкес сәуір айынан бастап 93 млрд теңгенің 72 млрд теңгесі, яғни 78% аударылды.

Бұл ретте, жылумен жабдықтаудың 64 жобасы бойынша 159 шақырымы салынды, оның ішінде:

- 54 жоба бойынша 135 шақырым салынып, жұмыстар толық көлемде аяқталды;

- 10 жоба бойынша 24 шақырым салынып, жұмыстар аяқталу сатысында.

Өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы республика бойынша 541 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге 536 шақырым немесе 99% жөнделді.

Шымкент қаласында жылыту маусымы 1 қарашада басталады. Бүгінге жұмыстар жалғасуда және жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады.

"Сумен жабдықтау желілерінің 1 025 шақырымы немесе жоспардың 90%-ы жөндеуден өтті, су бұру желілерінің 159 шақырымы немесе 98%-ы жөнделді. Сондай-ақ республика бойынша жылыту маусымына 12 мыңнан астам автономды қазандық дайындалды. Қазіргі уақытта көмір жоспарының 93%-ы, мазуттың 99%-ы және дизель отынының 90%-ы дайындалды. Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үйлердің дайындығы 100%-ды құрайды", — деді министр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылыту маусымындағы көмір өніміне деген қажеттілік 8,2 млн тоннаны құрайды. Жылу беру маусымы басталғалы шамамен 3 млн тонна көмір жеткізілді. Жылдық жоспардың орындалуы 37,1%-ды құрайды. 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі орындалуы 35,1%-ды құрады.

Бүгінгі күнге елдің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен 577 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық.

"Жалпы, Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету мониторингі жүргізілуде. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес көмірдің қажетті көлемін өңірлерге жеткізуге дайын. Сонымен қатар әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет қаулысы қабылданды. Бұдан бөлек, делдалдарды болдырмау мақсатында көмірді сатуды бірте-бірте биржаға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде", — деді Қанат Шарлапаев.

Министр келтірген ақпаратқа сүйенсек, еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде жылыту маусымы басталып, халық тарапынан көмір сатып алу белсенді түрде жүріп жатыр. Ал, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердегі халықты көмір сатып алу бойынша ақпараттандыру жұмысын белсенді түрде жүргізу қажет.

Барлық өңірлерде жылыту маусымы кестеге сәйкес басталуда және қалған жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады.

Сондай-ақ сөз соңында Қанат Шарлапаев халықты көмірмен қамтамасыз ету бойынша атқарлып жатқан жұмыстар Министрліктің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!