Беу, карантин! Биылғы түлектер мол шығыннан аман қалды

14:33, 25 мамыр 2020

Сән-салтанаты келіскен мейрамхана, аста-төк дастархан, бағасы қымбат көлік. Түлектер жыл сайын мектеппен қоштасу рәсімін дәл осылай өткізетін. Ал биыл әлемді жайлаған аурудың кесірінен соңғы қоңырау да, мерекелік кеш те болмайды. Бұған 11 сынып оқушыларының көңілі түссе, ата-аналары аса өкпелей қоймаған сияқты. Өйткені бұл тойға кететін қаражат үнемделіп, үлкендер аталған рәсімде түнімен қыдыратын ұл-қыздарына алаңдамайтын болады.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Биылғы соңғы қоңырау бұрынғыдан өзгерек. Өйткені, жылдағыдай 25 мамыр күні дәл осы жерде түлектер үшін қоңырау "соңғы рет" соғылмайды. Олар ортада вальс билеп, мектебімен қимай қоштасып, ән де шырқай алмайды. Ұстаздарына арналған ақжарма тілектерін 40 минут қана болатын мектеп бітіру кешінде жеткізе алады. Талап солай. 3 маусым күні салтанатты түрде аттестаттарын алады. Ал, карантинге байланысты 1-10 сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау онлайн форматта өтеді

Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққалы тұрған түлектер үшін биылғы жыл күтпеген жайттарға толы болды. Ойламаған жерден онлайн оқыды. Енді міне, соңғы қоңырауға да онлайн қатысуға тура келеді. Алайда, соңғы сәтке дейін түлектер кеші болады деген үмітпен жүріпті. Талай жылдан бері тағатсыздана күткен кешке карантинге байланысты тыйым салынғанын естігенде күйзеліске түскендері де болған.

Алима Кубайсова, Ғ.Орманбаев атындағы №7 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы:

"Кішкентай кезімнен осы күнді армандаған болатынмын. Шыны керек, қыз бала болғаннан кейін барлығын, ұсақ-түйекке дейін армандаймыз. Не киеміз, қандай шаш үлгісі дегендей. Бірақ та осы хабарды айтқаннан кейін барлық 11-сыныптың көңіл күйлері түсіп қалды. Әрине, өкінішті барлығы осылай аяқталып жатқанына. Мен мысалға бір апта көлемінде көңіл-күйім түсіп ешкіммен сөйлескім келмей, барлығына жаман қарап дегендей көңіл-күйде болдым".

Мектеп қабырғасынан төртінші рет түлектерін шығарып салғалы отырған ұстаз, оқушылары үшін соңғы қоңыраудың үні естелік болып қалмайтынына қапалы. Олар осы күнді ерекше сезіммен күткендіктен мамыр айында мектепке қайта ораламыз деген сенімде болыпты.

Жәмилә Тоқбергенова, Ғ.Орманбаев атындағы №7 мектеп-гимпанияның 11 "ғ" сынып жетекшісі:

"Бізде өкініш болды. Соңғы қоңырауды 25 мамырда мектептің алдында жылдағыдай дәстүрлі түрде өтпей қалғандығы ғана өкініш болды. Бірақ рахмет 3 маусым күні мектебіміздің алдында жаңағы аттестатты салтанатты түрде табыстау кеші өтеді. Міне осыған да қазір қуанып отырмыз".

Соңғы қоңыраудан соң қымбат көліктерді жалдап, қыдыру түлектердің жылдағы дәстүрі еді. Бұл ата-аналар үшін зор шығын болса да, баласы үшін бәріне көнетін. Бірақ, биыл бәрі басқаша. Қалыптасқан жағдайға Қарқара Дәнібекова кейбір қүрбылары сияқты емес, түсіністікпен қарайтынын айтады. Мектеп бітіру кешінің болмайтынына да қапаланбайды екен.

Қарқара Дәнібекова, 11 сынып оқушысы:

Бұл бір жағынан біздің ата-анамызға өте үлкен көмек қаражат жағынан есептегенде үнемдеуімізге көмектеседі. Яғни бізде қоштасу кеші болатын болса көйлекке, лимузинге, ресторанға деген сияқты әртүрлді қаражат бөліктері кететін еді. Болмағандықтан ол қатты көмек деп айта аламын.


Бұл былтырғы жас түлектерге арнаған ата-аналарының құттықтауы. Кім білсін, егер қазіргідей қиын жағдай болмағанда кей ата-аналар балаларына осылай сый жасар ма еді?
Ал, Сұлтанбай Сенбидың пайымынша, "көрпеге қарай көсілетін" уақыт келді. Өйткені, үнем болу керек, елімізге келген індет біраз адамның қалтасына салмақ салған.

Сұлтанбай Сенби, қала тұрғыны:

"Бұл экономикалық жағынан әр отбасының қаржысына үнем. Көп үнем. Өйткені, мейрамханалар оның өзі киінетін салтанатты киімдер балаларын оның бәрі үнемделіп жатыр. Түнде жүрген де дұрыс емес жастарға. Күндіз мектептің қабырғасында өткізіп дұрыс болады деп ойлаймын".


Ал, астана тұрғыны Алтын Қуанышқызы мектеп бітіру кешінің болмайтынына өкінетінін жасырмайды. Қызының көйлегін күнібұрын сатып алып қойыпты.

Алтын Қуанышқызы, қала тұрғыны:

"Биыл елімізде төтенше жағдайдың болуына байланысты мектеп бітіру кеші болмайды. Ол әрине қиын жағдай бәрімізге. Менің қызым да осы мектептің түлегі болғандықтан осы "Алтын белгінің" үміткері. Көйлегін алып та қойғанбыз. Екінші көйлегін аламыз деп отырғанбыз. Осындай төтенше жағдай болғаннан кейін әрине.Ұл-қыздарымыздың көңіл күйлері түсіп қалды".


Мектеп директоры заң бәріне ортақ, сондықтан бағынуымыз керек дейді. Бұрын түлектер кеші ресторансыз да өткен деп, көңіл-күйі түскендерге жұбату да айтты.

Жанат Айтова, Ғали Орманбаев атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры:

"Әр сыныпқа аттестат табыстау 40 минуттан ғана өтеді. Осы 123 түлегіміз биылғы жылы ерекше бітіргелі отыр десек болады. Жылдағы дәстүрлі соңғы қоңырау көздерінен бұлбұл ұшты десек те болады. Бір өкініштісі жылда біз вальс билейтінбіз. Өкінішке орай көптеген осы 11 сыныптарымның вальсті билей алмадық дегені ғана қинайды. Мен ойлаймын тіпті мектеп бітіргеннен кейін бірден мейрамханада тойлатудың өзі дұрыс емес".


"Әр нәрсенің қайыры бар" деп жатады. Мүмкін, осы жағдай түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындалуына түрткі болар. Олай болса, біз биылғы түлектердің бәріне сәттілік тілейміз.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!