Баланы үйде жалғыз қалдыруға бола ма: заң не дейді және ата-анаға қандай қауіп бар
© Фото: unsplash
Қазақстанда баланы үйде жалғыз қалдыруға болатын нақты жас белгіленбеген. Алайда бұл ата-ана кәмелетке толмаған баласын қараусыз қалдырып, өз шаруасымен кете алады дегенді білдірмейді. Құқық қорғау органдары нені ескеретеді, бұл туралы Zakon.kz тарқатады.
Жұмыс, тұрмыстық жағдай, оқу және басқа да міндеттерге байланысты кейде ата-ананың баласын өзімен бірге алып жүруі мүмкін болмай, оны қарайтын адам да табылмай жатады. Мұндай жағдайда ата-ана ұлының немесе қызының өздігінен қала алатынына сеніп, біраз уақытқа үйден кетуге мәжбүр болады.
Қазақстан заңнамасы ең алдымен кәмелетке толмаған баланың мүддесі мен қауіпсіздігін басшылыққа алады. Ата-ана мен басқа да заңды өкілдерге баланы тәрбиелеу, асырау, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеті жүктелген. Сондықтан мәселе баланың нақты жасында ғана емес, оны ересек адамның қарауынсыз қалдыру қаншалықты қауіпсіз екенінде және күтпеген жағдай туындаған кезде баланың өзін қорғай алып, көмекке жүгіне білуінде.
Баланы неше жастан үйде жалғыз қалдыруға болады?
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, Қазақстан заңнамасында баланы белгілі бір жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға рұқсат беретін арнайы норма жоқ екенін хабарлады. Әр жағдай жеке қарастырылады.
Мамандар баланың жасын және психологиялық жетілу деңгейін, өздігінен әрекет ету қабілетін, денсаулық жағдайын, үйдегі тұрмыс жағдайын, ересектердің қанша уақытқа кеткенін, байланыс құралдарының бар-жоғын және қажет болған жағдайда баланың көмекке қаншалықты тез қол жеткізе алатынын ескереді.
Негізгі өлшем – баланың қауіпсіздігі, сондай-ақ оның құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы. Бұл ретте баланың өз пікірі де маңызды.
Заң бойынша бала өз мүддесіне қатысты мәселелер бойынша өз пікірін білдіруге құқылы. Заңда көзделген жағдайларда 10 жасқа толған баланың пікірі, егер ол баланың мүддесіне қайшы келмесе, міндетті түрде ескеріледі.
Сондықтан, мысалы, тоғыз жастағы оқушының сабақтан кейін бірнеше сағат үйде жалғыз қалуы мен үш жастағы баланың ересек адамсыз қалуын бірдей бағалауға болмайды.
Балаға қатысты шағым түссе не болады?
Егер қамқоршылық органдарына кәмелетке толмаған баланың үнемі үйде ересектерсіз қалатыны туралы ақпарат түссе, мамандар алдымен жағдайды анықтап, баланың қаншалықты қауіпсіз ортада екенін бағалайды.
Атап айтқанда, баланың жасы, ата-анасының қанша уақытқа кететіні, тұрмыстық жағдайы, тамақ пен қажетті күтімнің болуы, ата-анасымен немесе басқа ересек адаммен байланысу мүмкіндігі және төтенше жағдайда көмек алу мүмкіндігі тексеріледі.
Қажет болған жағдайда мамандар тұрғылықты жеріне барады. Тексеруге өз құзыреті шегінде ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау органдарының және басқа да мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері тартылуы мүмкін.
Ең алдымен жағдай ата-анадан немесе басқа заңды өкілдерден анықталады. Баламен де оның жасына, жетілу деңгейіне және нақты жағдайға қарай сөйлесуі мүмкін.
Кәмелетке толмаған баланың белгілі бір уақыт үйде жалғыз қалуының өзі отбасының автоматты түрде профилактикалық есепке қойылуына негіз болмайды.
"Ол үшін заңда белгіленген негіздер болуы керек. Олардың қатарында ата-ананың немесе заңды өкілдердің баланы тәрбиелеу, оқыту, асырау, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау немесе қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамауы не тиісінше орындамауы бар", – деп түсіндірді басқарма.
Тиісті негіздер болған жағдайда профилактикалық есепке қоюды ішкі істер органдары жүзеге асырады.
Баланы отбасынан алып қоюы мүмкін бе?
Мамандардың айтуынша, бұл тек елеулі негіздер болған жағдайда ғана мүмкін.
Егер баланың өміріне немесе денсаулығына тікелей қауіп төнсе, оны ата-анасынан дереу алып қоюға болады. Ал баланың ата-анасыз үйде қалғаны туралы хабардың өзі мұндай шара қолдануға жеткіліксіз.
Бұл жерде нақты қауіп төндіретін жағдайлар ескеріледі. Мысалы, зорлық-зомбылық, қажетті күтімнің болмауы, кішкентай баланы анық қауіпті жағдайда қалдыру, қажетті көмек ала алмау және баланың өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге объективті түрде қабілетсіз болуы.
Мұндай жағдайлардың нақты әрі жабық тізімі заңда белгіленбеген. Әр оқиға жеке бағаланады.
Ата-ана жұмыста болса, бұл заң бұзушылық па?
Жоқ. Ата-ананың жұмыс уақытында үйде болмауының өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Заң ересектерден тәулік бойы баланың қасында болуды талап етпейді. Маңыздысы – кәмелетке толмаған баланың қандай жағдайда жалғыз қалғаны.
Егер бала жеткілікті дәрежеде дербес болса, қауіпсіз үйде отырса, тамағы болса, ата-анасымен немесе басқа ересек адаммен байланыса алса және төтенше жағдайда не істеу керектігін білсе, ата-ананың үйде болмауы олардың міндеттерін автоматты түрде бұзғанын білдірмейді.
Алайда ата-ананың баланы тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, күтім жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталса, заңда көзделген жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.
Балаға бір жағдай болса, ата-анаға не қауіп бар?
Ересектердің болмауы өрт, жарақат, баланың терезеден құлап кетуі немесе басқа да төтенше жағдайға әкелсе, мәселе күрделене түседі.
Мұндай жағдайда жауапкершілік тек болған оқиғаның фактісіне қарап анықталмайды. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, ата-ананың баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісті деңгейде орындаған-орындамағанын тексереді.
Жағдайға байланысты ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, соның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жауапкершілік мәселесі қаралуы мүмкін.
Бұл жерде баланың үйде жалғыз қалуы мен ата-ананың міндеттерін дұрыс орындамауы салдарынан болған зардапты ажырату маңызды. Кәмелетке толмаған баланың ересек адамсыз қалғаны үшін автоматты түрде жаза тағайындалатын әмбебап ереже жоқ.
Мысалы, 10 жастағы бала бірнеше сағат үйде жалғыз қалып, оған ештеңе болмаса, бұл ата-ананың автоматты түрде жауапкершілікке тартылатынын білдірмейді. Алайда тексеру барысында баланың қауіпті жағдайда қалғаны және ересектер оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені анықталса, жағдайға құқықтық баға берілуі мүмкін.
Баланың жалғыз қалуға дайын екенін қалай білуге болады?
Психолог әрі ойлау жүйесін өзгерту бойынша коуч Елена Сопилидидің айтуынша, баланың жалғыз қалуға дайындығын тек оның жасына қарап бағалау дұрыс емес.
"Мұнда барлығына ортақ нақты жас жоқ. Бір бала 7-8 жасында-ақ жеткілікті дербес, сабырлы және өзіне сенімді болуы мүмкін. Ал кейбір балаларға 10-12 жасында да ересек адамның қасында болғаны қажет", – деп түсіндірді маман.
Оның айтуынша, ата-ана баланың жасымен қатар, оның тұрмыстық жағдайларды өздігінен шеше алу қабілетін де бағалауы керек.
Баланың дайын екенінің бір белгісі – ересектердің қысқа уақытқа кетуін сабырлы қабылдауы және алдын ала келісілген ережелерді сақтай алуы. Бала телефонды пайдалана білуі, көмек сұрап кімге қоңырау шалуға болатынын, өз мекенжайын және қауіпсіздік ережелерін білуі керек.
Сонымен қатар баланың өзі де жалғыз қалуға дайын болуы маңызды.
"Өте маңызды көрсеткіш – баланың өзі үйде жалғыз қалуға тырысып көргісі келуі және мұны сынақ емес, дербестікке жасалған қадам ретінде қабылдауы", – деді психолог.
Алғаш рет баланы үйде жалғыз қалдырмас бұрын, ата-ана онымен түрлі жағдайларды алдын ала талқылауы керек: біреу есікті қақса не істеу керек, қорқып кетсе не істейді, анасы немесе әкесі ұзақ уақыт телефонға жауап бермесе қайтеді.
Баланың қорқып жүргенін қалай білуге болады?
Кейде бала ата-анасына өзінің қорқып жүргенін ашық айтпауы мүмкін. Сондықтан алғашқы тәжірибеден кейін оның мінез-құлқына назар аударған жөн.
Маманның айтуынша, мазасыздық ата-анаға қайта-қайта қоңырау шалудан, бөлмеден шығуға қорқудан, жарықты үнемі жағып қою қажеттілігінен байқалуы мүмкін. Кейін бұл ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, іштің немесе бастың ауырғанына шағымдану түрінде көрінуі ықтимал.
Сондықтан ата-ана үйге келген соң жай ғана "Бәрі жақсы ма?" деп сұрамай, баланың басынан өткен жағдайды талқылағаны жөн: оған не ұнады, не нәрсе жайсыздық тудырды және өзін не нәрсе тыныш сезінуге көмектесті.
Егер бала жалғыз қалудан қатты қорықса, ата-анасынан қысқа уақытқа ажырауды да ауыр қабылдаса немесе үнемі біреудің қасында болғанын сұраса, психолог мұндай тәжірибені әзірге кейінге қалдыруға кеңес береді.
Сондай-ақ баланың сол күнгі жағдайын ескеру керек. Ауру, қатты шаршау, жанжал немесе эмоционалдық күйзеліс оның жалғыз қалуға деген төзімділігін уақытша төмендетуі мүмкін.
Алғашқыда баланы бірнеше минутқа ғана қалдырған дұрыс
Психолог баланы алғаш рет үйде ұзақ уақыт жалғыз қалдыруды сынаққа айналдырмауға кеңес береді. Алдымен бала ата-анасы пәтердің басқа бөлмесінде болған кезде өз бөлмесінде жалғыз қалуы мүмкін. Кейін ересек адам үйден аз уақытқа, мысалы, жақын жердегі дүкенге шығып келуіне болады.
Алғашқы рет баланы 10-20 минутқа ғана жалғыз қалдырған дұрыс. Егер ол өзін сенімді сезінсе, уақытты біртіндеп 30-60 минутқа дейін ұзартуға болады.
"Дербестік біртіндеп қалыптасады. Алғашқы қысқа тәжірибеден кейін баланы бірден бірнеше сағатқа жалғыз қалдыруға кеңес бермеймін", – деп атап өтті Елена Сопилиди.
Оның айтуынша, басты мақсат – баланы шыдамдылығын тексеру емес, оған біртіндеп көбірек еркіндік беру және сонымен бірге ата-анасының әрдайым көмектесуге дайын екенін сезіндіру.
Бала жалғыз қалмас бұрын нені білуі керек?
Ата-ана баласының дербестігіне сенімді болса да, үйден шығар алдында негізгі қауіпсіздік ережелерін тағы бір рет еске салғаны жөн:
- ата-анасына және сенімді ересектерге қалай қоңырау шалу керектігін;
- мәселе туындағанда кімге хабарласуға болатынын;
- өзінің нақты мекенжайын;
- біреу есікті қақса немесе қоңырау шалса не істеу керектігін;
- төтенше жағдай қызметін қалай шақыру керектігін;
- өрт болған жағдайда не істеу керектігін;
- рұқсатсыз қандай тұрмыстық құрылғыларды қосуға болмайтынын;
- су, электр қуаты және газ плитасын қалай қауіпсіз пайдалану керектігін.
Сондай-ақ ата-ана мен бала байланысудың нақты тәртібін алдын ала келісіп алуы керек. Егер ата-ана телефонға жауап бермесе, баланың не істеуі керектігін де түсіндіру қажет.
Бұл жағдайда дербестік баланың қиындықпен жалғыз қалуы дегенді білдірмейді. Ол қауіпті жағдай туындаса немесе қорқып кетсе, анасы не әкесі жанында болмауы мүмкін екенін, бірақ көмек әрдайым қолжетімді екенін түсінуі керек.
Құтқарушылар не дейді?
Қауіпсіздік мамандары балаларға қатысты тұрмыстық қауіптердің басым бөлігі кәмелетке толмағандардың өз әрекеттерінің салдарын толық бағалай алмауымен байланысты екенін ескертеді.
Сондықтан ересектер үйден шығар алдында балаға қауіпті заттар мен құрылғылардың қолжетімді болмауын қамтамасыз етуі керек. Ашық терезелерді, от көздерін, дәрі-дәрмектерді және тұрмыстық химияны қараусыз қалдырмаған жөн.
Бала 112 нөмірін білуі және қандай жағдайда шұғыл көмекке жүгіну керектігін түсінуі тиіс.
Негізгі қағида қарапайым: баланы үйде жалғыз қалдыруға оның жасына қарап қана шешім қабылдауға болмайды. Ересектер алдымен баланың дербестігін объективті бағалап, оны ықтимал қауіптерге дайындап, қажет жағдайда тез арада көмек ала алатынына көз жеткізуі керек.
Ата-ананың жауапкершілігі олардың үйде болмау фактісімен емес, баланы қорғау, оған күтім жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін қаншалықты дұрыс орындағанымен анықталады.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
14:21, 3 қыркүйек 2026
ШҚО тұрғынынан 35 келі қарасора тәркіленді
-
14:12, 3 қыркүйек 2026
Өкпе обыры ұзақ уақыт байқалмауы мүмкін: онколог негізгі белгілерін атады
-
14:02, 3 қыркүйек 2026
Алматыдағы сегіз ірі көшені реконструкциялау аясында 17 шақырым веложол салынады
-
13:52, 3 қыркүйек 2026
Ұлдана Мырзуанның қазасы: инженер қасбеттің құлауына не себеп болғанын айтты
-
13:41, 3 қыркүйек 2026
ҰҚК Қазақстанның 12 өңірінде қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленгенін мәлімдеді





