Ауыл тұрғындары медпункт пен мектепті өздері сала бастады

11:36, 28 қазан 2020
95

Алматы облысындағы Сарқан ауданы тұрғындары өзекті мәселелерді демеушілердің көмегімен өздері шешуге кірісті. Арнайы қоғамдық қор құрып, ауыл-ауылдарда фельдшерлік пункт пен бастауыш мектеп салуда. Бастама былтыр Кәкімжан Қазыбаев ауылында қолға алынып, биыл 3 елді мекенде жалғасын тауып отыр. Көктемде құрылысы басталған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне тапысырылмақ, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

300-дей тұрғыны бар Тасқұдық ауылындағы бастауыш мектеп осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Әбден ескіріп, тозығы жеткен ғимаратта қазір 35 оқушы білім алуда. Балалары үшін алаңдаған ата-аналар жаңа оқу ордасының қажеттілігі туралы әкімдікке талай мәрте айтқан екен. Алайда, мәселе тек биыл шешімін тапты. Қоғамдық қор көмегімен ауылда 50 орындық нысанның құрылысы басталды.

Айжан Садықова, Тасқұдық бастауыш мектебінің меңгерушісі:

Балалардың жақсы білім алуы үшін бізге осындай үлкен, әрі кабинеттері кең, толыққанды осындай мектеп қажет болатын. Ағаларымыздың қолдауымен, міне, биылғы жылы ауылымызға жаңадан мына құрылыс жүріп жатыр. Өте қуаныштымыз.

Сарқан ауданына қарасты Еркін ауылында да дәл осындай 50 орындық мектеп салынып жатыр. Қос нысан да жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Ал, Кәкімжан Қазыбаев ауылында былтыр құрылысы басталған бастауыш білім ошағы жақында ашылады. Толығымен дайын тұр. Мектептің бой көтеруіне сонау іргетасын қалаудан бастап, шатырын жабуға дейін ауыл тұрғындары жаппай атсалысқан екен.

Тоқтарбек Төлепбеков, Кәкімжан Қазыбаев ауылының тұрғыны:

Бітірдік енді, бұйырса. Мына линолеумы дайын жатыр міне, паровойларын бір тексеріп алсақ, осыны төсейміз де, сосын өткізіп береміз. Осы каникулда кіргізіп жіберсек пе деп, жоспарлап отырмыз енді. Көптің күшімен осындай жағдайға жетіп тұрмыз.

Сонымен қатар, Көкөзек ауылында қоғамдық қор қаржысына фельдшерлік пунктің құрылысы жүріп жатыр. Бұрынғы ғимараты тоқырау жылдары жабылып, құлап қалған екен. Содан бері медбикелер ескі үйдің аядай екі бөлмесінде елге ем-дом жасап келген. Оның ішінде қыс бойы дірдек қағып, тоңып отыратын, - дейді ауылдағылар.

Серікқали Барлықбаев, Көкөзек ауылының тұрғыны:

Жылу жүйесі жасалмаған, Жағдай жоқ еді. Бес-алты мейірбике бір бөлмеде отыратын. Аяқ-астынан балтыры сыздап, бас ауырса, баратын жеріміз жоқ болған. Енді, міне, осынадай салынып, осыған біз риза болып жатырмыз.

Аудан басшыларының айтуынша, мұндай игі бастама келер жылы да жалғасын таппақ.

Жомарт Мыңбаев, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары:

2021 жылы біз Сарқан ауданы, Аққайың ауылында осындай бастауыш мектептің жаңа құрылысын демеушілердің көмегімен салу жоспарланып отыр. Одан жеке тағы үш жобаларымыз бар. Ол қазір қаралуда. Қай ауылға қандай нысан салатынымызды.

Жалпы, биыл бұл игі бастамаға 80 млн теңгедей қаржы жұмсалмақ. Оның үстіне жергілікті тұрғындардан 20-дан астам адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Осылайша, Сарқан өңірі өзекті мәселерді өз күштерімен шешуде.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір