Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа функциялар қосылды

15:19, 31 желтоқсан 2025

© Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева

2025 жылғы 26 желтоқсандағы Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, ереже министрліктің келесі жаңа функцияларымен толықтырылды:

  • бұзылған және тозған жерлердің сапалық жағдайын қалпына келтіру бойынша жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
  • Қазақстан Республикасының салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу арқылы мақсатты түрде пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтау тәртібін әзірлейді және бекітеді;
  • жер учаскелеріне меншік құқығы немесе жер пайдалану құқығы тиесілі бола алмайтын жер учаскелері иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне құқықтарын қайта ресімдеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
  • мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органға мобилизациялық дайындық пен мобилизация іс-шараларын қаржыландыру көлемі бойынша ұсыныстар енгізеді;
  • мемлекеттік басқарудың тиісті саласында ұйымдардың мобилизациялық дайындығын жоспарлайды, ұйымдастырады және басшылық жасайды, мобилизациялық тапсырыстары бар ұйымдардың мобилизациялық дайындық деңгейін Қазақстан Республикасындағы мобилизациялық дайындық пен мобилизация қағидаларында белгіленген тәртіппен бағалайды;
  • ұйымдармен мобилизациялық тапсырыстарды орындау жөнінде шарттар жасайды, мобилизациялық тапсырыстары бар ұйымдардың банкроттығы, қайта ұйымдастырылуы, таратылуы немесе қызмет бағытының өзгеруі кезінде белгіленген мобилизациялық тапсырыстарды алып тастау және беру жөнінде мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;
  • Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, мобилизациялық жоспарларды орындауға дайындық жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
  • мобилизациялық тапсырыстарды белгілеу үшін ұйымдардың өндірістік, қаржылық және қоймалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органға ұсынады;
  • әскери міндеттілерді брондау бойынша жұмысты ұйымдастырады және жүргізеді;
  • мобилизациялық дайындық пен мобилизация саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
  • мобилизация жарияланған жағдайда республиканың жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, ұйымдарды әскери жағдай режиміне көшіру жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
  • мемлекеттік басқарудың тиісті саласында мобилизациялық дайындық пен мобилизация саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
  • мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы мобилизациялық жоспарларды әзірлейді және бекітеді;
  • мобилизациялық дайындық пен мобилизацияны жетілдіру жөнінде мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;
  • әскери-экономикалық және командалық-штабтық оқу-жаттығуларға қатысады;
  • Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдардың мүддесі үшін, сондай-ақ мобилизация, әскери жағдай және соғыс уақытында экономиканың үздіксіз жұмысын және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік басқарудың тиісті саласында арнаулы құрылымдардың қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін функциялар:

  • мобилизациялық дайындық саласындағы уәкілетті органмен келісу арқылы тиісті салада мобилизациялық тапсырысты орындау үшін қажетті тауарлар тізбесін және олардың көлемін айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
  • тиісті салада мобилизациялық тапсырысты орындау үшін қажетті тауарлар тізбесі мен көлемін айқындау әдістемесіне сәйкес мобилизациялық тапсырысы бар ұйымдардың қажеттіліктеріне талдау жүргізіп, мемлекеттік материалдық резервтің мобилизациялық резерв бөлігі бойынша материалдық құндылықтарды сақтау номенклатурасы мен көлемін қалыптастырады;
  • мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік материалдық резервтің мобилизациялық резерв бөлігі бойынша материалдық құндылықтарды сақтау номенклатурасы мен көлемі жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Кейбір функциялар жаңа редакцияда баяндалды:

  • бұзылған жерлерді рекультивациялау жобаларын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;
  • мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің және жер мониторингінің дұрыстығына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
  • Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 148-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мәселелер бойынша сотқа талап арыздар дайындайды және ұсынады;
  • мақсатты түрде пайдаланылмайтын, игерілмеген немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін анықтайды және алып қояды;
  • егер құрылыс, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, объектілерді пайдалану, геологиялық барлау және өзге де жұмыстар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жерді пайдалану режимін бұза отырып жүргізілсе, сондай-ақ сараптамадан өтпеген немесе теріс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, аталған жұмыстарды тоқтата тұрады.

Аталған қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!