Атырау облысындағы отбасы өлімі: қаза тапқандардың қызы да күдікті деп танылды

14:07, 25 ақпан 2026

© Фото: Zakon.kz

2026 жылғы 25 ақпанда Мәжіліс кулуарында Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Атырау облысында болған резонанс тудырған отбасы өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Санжар Әділовтің айтуынша, ерлі-зайыптылар Индонезияда болған, ал ұсталғанға дейін әйел адам хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында саналған.

"Жақын арада олар Қазақстанға жеткізіледі. Индонезиядан қайтару және елге келу мәселесі шешіліп жатыр. Қазіргі мәртебесі – екеуі де күдікті. Хабар-ошарсыз кеткен тағы екі адамды іздеу жалғасуда. Атырау облысында арнайы топ жұмыс істеп жатыр", – деді ол.

2025 жылдың күзінде Қызылқоға ауданының Жангелді ауылында тұратын төрт адамнан тұратын отбасы – ерлі-зайыптылар және олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы – із-түзсіз жоғалған. Туыстары желтоқсан айында полицияға арыз түсірген.

2026 жылғы 6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптылардың мәйіттері қора ішінен көмілген күйде табылды. Балаларын іздеу жұмыстары жалғасты.

Кісі өлтірді деген күдікпен марқұмдардың кенже қызының 29 жастағы күйеуі іздеуге жарияланған болатын. Кейін оның жұбайы – яғни қаза тапқандардың қызы да іздеуге берілді.

2026 жылғы 24 ақпанда екеуінің де Индонезияда ұсталғаны белгілі болды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!