Астанадағы құрылыс алаңында кран машинисі аяғынан айырылды

13:14, 22 қыркүйек 2026
MKZ: 1568188

© Фото: пресс-служба акимата Алматы

Астанадағы құрылыс алаңындарының бірінде мұнаралы кран құлап, кран машинисі зардап шекті. Дәрігерлер оның бір аяғын ампутациялауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, 2026 жылғы 31 тамызда құрылыс нысандарының бірінде мұнаралы жүк көтергіш кранды бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатқан сәтте кран аяқасты құлап кеткен. Оқиға орнында слесарь қаза тапса, кран машинисі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.

"Біз мұнаралы кранның бір секциясын шешіп алғанбыз. Содан кейін біреу рация арқылы: "Екі-екіден шешіңдер, оған бола әуреленбеңдер!" деп айқайлады. Слесарьлардың бірі: "Тәте, қазір бізді сілкіп жібереді, қорықпаңыз", – деді. Кранның қатты сілкінгені соншалық, мен ұшып кеттім! Одан кейін көзімді операция үстелінде аштым", – деп сол күнгі оқиғаны Ақмарал Қарабалиева айтып берді.

Әйелдің ауруханада жатқанына төрт апта болған. Дәрігерлер оның оң аяғын ампутациялаған. Белгілі болғандай, ол 3 баласын жалғыз өзі асырап отырған ана.

Әйелдің айтуынша, жұмыс беруші оған мүгедектер арбасын алып берген және үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде еткен.

Алайда кран машинисі еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанына байланысты өмір бойы қаржылай қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Жақында ол баспананы бөліп төлеу арқылы сатып алған. Үй үшін берешегі 19 млн теңгеден асады.

Компания өкілдері болған оқиғаға және соған байланысты туындаған еңбек дауына түсініктеме беруден бас тартқан. Қазір оқиғаны арнайы құрылған комиссия тексеріп жатыр.

Мүгедектік белгіленгеннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптама еңбекке қабілеттіліктің жоғалу деңгейін анықтайды. Соған байланысты жұмыс берушінің заңға сәйкес әйелге ай сайын төлеуге міндетті өтемақы мөлшері белгіленеді.

2026 жылғы 3 қыркүйекте Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елордадағы құрылыс нысандарына тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!