Алматының қара топырағы ашықтан ашық ұрланып жатыр

12:20, 8 қазан 2020
1174

Оңтүстік астанада қара топырақ ұрлау жиілеп барады. Таудың етегін қойып, бас пайдасын ойлағандар енді қала ішіндегі жазық жерлерге ауыз сала бастаған. Себебі, сұраныс жоғары. Екі жеп биге шыққысы келгендер "Алматы Арена" спорт кешенінің артындағы бос жатқан жерлерді қазып алып саудалап жүр екен. Мамандар қазірдің өзінде 100 шаршы метр топырақтың ұрланғанын айтып отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Алматыда заңсыз қара топырақ өндіру кәсібі өркендеп тұр. Бір жүк көлігін толтыру бар болғаны 15 минут уақыт алады. Ал оны кем дегенде 60 мың теңгеге өтікізеді. Сұраныс жоғары болғандықтан заңсыз топырақ өндірушілер Алатау ауданындағы бос жатқан жерлерді қазуды әдетке айналдырған".

Мынау күні кеше ғана болған жағдай. Табиғат жанашырлары белгісіз біреулердің қара топырақты қазып жатқан жерінде үстілерінен түскен. Мемлекеттік экологиялық инспектордың келгенін естігенде тым-тырақай қаша жөнеліпті. Мамандар бұл кәсіптің белең алуын сұраныстың жоғары екендігімен байланыстырады. Жаңа салынған құрылыс нысандарының барлығы айналасын көріктендіру үшін қара топыраққа тапсырыс береді екен. Ал тоннасы үш мың теңгеден саудаланатын көрінеді. Ал отыз тонналық жүк көлігіне тиелген топырақты қанша сомаға сататыны айтпаса да белгілі. Полицейлер бұдан хабарымыз бар дейді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

"Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес, құқықбұзушылық жасаған екі азаматты айқындап, трактор жүргізушісі және Камаз маркалы автокөлігінің жүргізушілеріне хаттама толтырған болатын жаза мөлшері айыппұл. Айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш. Жасаған іс-әрекеттерін толығымен мойындап, бұл азаматтар бұдан былай заңды бұзбауға уәде етті".

Енді табиғат жанашырлары тиісті мамандарды тартып, қоршаған ортаға келген шығын көлемін есептемек. Қазірдің өзінде аталған аумақтан 100 шаршы метр қара топырақ қазып алынған. Келтірілген зиян көлемі анықталған соң кәнілі тұлғаларға қосымша тағы да айыппұл салынуы мүмкін. Экологиялық инспекторлар бос жатқан жерлер мемлекетке тиесілі болғандықтан оның тазалығы мен ахуалына жергілікті билік жауапты екенін айтады. Бұл аумақ қараусыз қалғандықтан заңсыз құрылыс салынып, қара топырақты өндіру табыс көзіне айналған.

Дінмұхамед Лесбеков, Алматы қаласы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау инспекторы:

"Заң бойынша жергілікті атқарушы органдар аумақтың санитарлық-экологиялық ахуалына бірден-бір жауап беретін мемлекеттік орган. Өздеріңіз көріп отырғандай, Алатау ауданы әкімдігі тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын, бұл аймақтың санитарлық ахуалына, экологиядлық ахуалына қаншалықты көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз көріп отырсыздар".

Сонымен қатар бұл аумақ заңсыз қоқыс полигонына да айналып барады. Құрылыс қалдықтарынан бастап, тұрмыстық қатты қалдықтарға дейін төгілуде. Ал өзен арнасы қоқысқа толып қалғандықтан су деңгейі көтерілсе арнасынан асып кетуі ғажап емес.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!