Алматыда үйін ит-мысыққа толтырған тұрғын көршілердің қанын ішті

10:20, 2 қыркүйек 2020

Құдай қосқан көршімізден қорлық көрдік! Алматыда көпқабатты үй тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Қоқыс пен жануарлар нәжісінің иісі қолқаны қабады дегендер атқамінерлерден қайыр жоқ деп шағымдануда. Пәтер иесі бірнеше иесіз иттер мен мысықтарды да үйіне кіргізіп алса керек. Қылтимада жүретін жеті қазынаның бірі дыбысқа сағаттап үріп, елдің мазасын алған, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қаланың қақ ортасында тұрсақ та, қоқыс полигонында өмір сүргендей күйдеміз деген тұрғындар көршілерінің салақтығына наразы. Жарық, су, канализациядан ажыратылған жеке пәтердің іші үңгір іспеттес дейді. Қопсыған қалдықтар мен ит пен мысықтардың нәжістері сасып, кіреберістен бастап қолқаны қабады. Рафик Саттаров осында 25 жылдан астам тұрып келеді. Алғашында бәрі жақсы болғанымен, соңғы уақытта мазамыз кетті деп отыр.

Соңғы 10-15 жылдың ішінде үйге тұрмақ, кіреберіске жақындау мүмкін емес. Ұзақ уақыт тұрғандықдан бір деммен баспанамызға кіріп те үйреніп алдық. Иттің қыңсылағаны, қоқыстардың жағымсыз иісі бізге кері әсерін тигізуде. Бірнеше рет ескерттік. Бірақ, оған көршіміз құлақ асар емес, дейді қала тұрғыны Рафик Саттаров.

Иесіз бірнеше мысық пен итті де үйіне кіргізіп алған қарт әже ешкімнің сөзіне құлақ аспапты. Тұрғындар талай мәрте өзіне де ескертіп, тыңдамаған соң әкімдікке дейін арызданыпты. Алайда, біздің жайымызды еститін құлақ болмағансоң, қазір кіреберісті өзіміз хлормен жиі жуып тазалауға кірістік. Бірақ, ұзақ жылдан бері жиналған қоқыстар мен жағымсыз әлі күнге дейін шығарылған жоқ. Сондықтан, тарақандар үйімізді жайлай бастады, дейді.

Әкімдік біздің өтінішімізді орындаудан бас тартты. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті дезинфекция жасауға да келіспеді. Біз қазір өзімізді далада қалғандай сезінудеміз. Кіреберістегі тарақандар маңайды тіпті жайлап барады, дейді қала тұрғыны Мадина Омарова.

Бір адамның кесірі барлығымызға тиіп отыр дегендер, қандай да бір оңтайлы шешімнің шығуынан үмітті. Өйткені қала мәслихатның шешімімен жан-жануарларды ұстауға арнайы ереже де бекітілген. Онда өзгелерге зияны тимеу қажет деп ойып жазылған. Ал, маусым айында жазған соңғы арыздарында әкімдіктің жауабы былай болыпты.

Ал Бостандық ауданы әкімдігінің жауабы мынау:

"Алматы қаласы мәслихатының XXVII сессиясында бекітілген иттер мен мысықтарды ұстаудың жаңа ережелерінің талаптарына сәйкес, үй жағдайында жануарларды тиісті түрде асырамаса жануарларды әкету немесе шығару сот шешімі бойынша жүргізіледі".

Жел тұрса немесе күн шықса жағымсыз иістен терезе ашу мүмкін емес деген тұрғындардың мәселесін көтеріп, әкімдікке хабарластық. Бірақ, қазір барлығын анықтап жатырмыз деп, нақты жауабын берген жоқ. Ал, заң болғанымен оның орындалмай жатқанына наразы жұрт бір амалын тезірек қарастырса дейді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!