Алматыда аптап ыстықтан кейін найзағай ойнап, жаңбыр жауады

20:30, 29 мамыр 2026

© Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

Көктемнің соңғы аптасы мен жаздың алғашқы күндері алматылықтарды нағыз ыстық ауа райымен таңғалдырмақ. Синоптиктердің ұзақ мерзімді болжамына сәйкес, демалыс күндері және 1 маусымда ауа температурасы +35°С-қа дейін көтеріледі.

Алайда аптаның екінші жартысында қалаға қайтадан жаңбыр, найзағай және жел оралады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Гидрометорталықтың мәліметінше, демалыс және мереке күндері мегаполис тұрғындарын күн ашық әрі құрғақ ауа райы күтеді.

"Қазгидромет" РМК Алматы және Алматы облысы филиалының жетекші инженер-синоптигі Светлана Аманқұлованың айтуынша, серуендеуге және мерекелік іс-шараларға ең қолайлы күндер — алдағы сенбі-жексенбі және 1 маусым болады.

"Демалыс күндері және әсіресе 1 маусымда қалада жауын-шашынсыз, желсіз, қолайлы ауа райы күтіледі, бірақ күн ыстық болады. Бұл күндері ауа температурасы +29…+31°С-тан +33…+35°С-қа дейін көтеріледі. Сондықтан панама киіп, өздеріңізбен бірге су алып жүруді ұмытпаңыздар", – деді синоптик.

Маманның сөзінше, тауға серуендеуді және белсенді демалысты жоспарлағандар ауа райының өзгеруін ескеруі керек. Жексенбі мен дүйсенбі күндері таулы аймақтарда өткінші жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанып отыр.

"Белсенді демалыс пен тауға шығуды ұнататындарға жексенбі және дүйсенбі күндері таулы аймақтарда найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауатынын, екпіні күшті жел соғатынын ескертеміз. Сақ болыңыздар!" – деді Светлана Аманқұлова.

Дегенмен, аптап ыстық ұзаққа созылмайды. Аптаның екінші жартысында атмосфералық үдерістер қайта құбылып, ауа райы тұрақсыз бола бастайды.

Синоптиктердің болжамынша, 2 маусымнан бастап Алматыда өткінші жаңбыр мен найзағай басталып, жел күшейеді, ал ауа температурасы біртіндеп төмендейді.


"Аптаның екінші жартысында ауа райы тұрақсыз болады: найзағайлы өткінші жаңбыр жауып, екпінді жел соғады. Ыстық бәсеңдеп, ауа температурасы +31…+33°С-тан +27…+29°С-қа дейін төмендейді", – деп түсіндірді маман.

Алматыдағы күн райы болжамы:

30 мамыр: құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Шығыс желі 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде +15…+17°С, күндіз +29…+31°С.

31 мамыр: құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Шығыс желі 3-8 м/с. Ауа температурасы түнде +17…+19°С, күндіз +31…+33°С.

1 маусым: құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Шығыс, оңтүстік-шығыс желі 3-8 м/с, күндіз екпіні 13 м/с. Ауа температурасы түнде +20…+22°С, күндіз аптап ыстық +33…+35°С.

2 маусым: құбылмалы бұлтты, күндіз өткінші жаңбыр, найзағай. Шығыс, оңтүстік-шығыс желі 3-8 м/с, күндіз екпіні 15 м/с. Ауа температурасы түнде +20…+22°С, күндіз +31…+33°С.

3 маусым: құбылмалы бұлтты, таңертең және күндіз өткінші жаңбыр, найзағай. Оңтүстік-шығыс желі оңтүстік-батысқа ауысады, 3-8 м/с, кей жерлерде екпіні 15-18 м/с. Ауа температурасы түнде +20…+22°С, күндіз +27…+29°С.

4-5 маусым: құбылмалы бұлтты, өткінші жаңбыр, найзағай. Оңтүстік-батыс, батыс желі 3-8 м/с, кей жерлерде екпіні 15-18 м/с. Ауа температурасы түнде +17…+19°С, күндіз +27…+29°С.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!