Алматы облысында бір топ қандас 22 жастағы алаяқтың арбауына түсіп қалған

11:23, 15 қаңтар 2026

© Фото: Zakon.kz

Талғар қаласында тарихи отанына оралған ондаған этникалық қазақ 22 жастағы кәсіпкердің арбауына түсіп, сан соғып қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жәбірленушілердің айтуынша, өзін Ұлбосын деп таныстырған әйел қандастарға арнайы қарастырылған қайтарымсыз мемлекеттік грантты рәсімдеп беруге көмектесемін деп уәде еткен. КТК мәліметінше, алаяқ қызметі үшін 300 мың теңге талап еткен.

"Әйел өзін жеке кәсіпкер ретінде таныстырған. Қызмет ақысын бірден төлей алмағандарға тауарлық несие алуды ұсынған. Алматы облысының полицейлері күдіктіні қазірдің өзінде құрықтаған", – делінген репортажда.

Белгілі болғандай күдікті кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған 22 жасар ана. Алдын ала деректер бойынша, ол 280 адамды алдап үлгерген.

"Күдікті басқа елдерден Қазақстанға тұрақты тұруға келген азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ және басқа да міндетті рәсімдерден өтпей, субсидиялар мен түрлі ақшалай өтемақыларды алып беруге уәде еткен. Қазіргі таңда тергеу органдары 280 эпизод бойынша материалдар жинады, тексеру барысында қосымша деректер анықталуда. Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп түсіндірді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Күдіктінің кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін әйелге мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Бұған дейін Жезқазғанда құтқарушылардың ауқымды жарылыстың алдын алғанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!