Алматы облысында балабақшалар жабылуға шақ тұр

13:10, 23 маусым 2020

Алматы облысында былтыр ғана ашылған жекеменшік балабақшалар жыл өтпей жатып, жабылып жатыр. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданында өткен жылы жұмысын бастаған 55 мектепке дейінгі мекемелердің жартысы ғана қалды. Өйткені, мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін тиесілі қаражатты ала алмай отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Карантинде жұмысы тоқтап, табыс табу былай тұрсын, қарызға белшесінен батқан ұйымдарға бұл аса ауыр екені айтпаса да түсінікті. Жер-жерде балабақша жетіспей жатқанда бұл неғылған бассыздық екенін құрылтайшылар облыс әкімдігіне келіп, жауаптылардан сұрады.

Динара Жалғасбаева, балабақша құрылтайшысы:

Бізге бәрімізге жабылу керек немесе бағаны көтеру керек. Бағаны көтерсек, ата-аналардың қалтасы көтермейді. Былай тартсақ, арба сынады, былай тартсақ, өгіз өледі.

Екіұдай күйге түскен бұл кәсіпкерлер қазір шаш етектен шығынға батуда. Бірі несие үстіне несие алып, қарызға кірсе, енді, бірі тәрбиешілердің жалақысын бере алмай отырғанын айтады. Өйткені, ата-аналар төлейтін балабақша ақысы - бүлдіршіндердің тамағынан артылмайды. Ал, мемлекеттен әр балаға берілетін 30 мың теңгелік үстемақы сол шығындардың орнын толтыруы тиіс.

Әйгерім Ноғайбайева, балабақша құрылтайшысы:

"Ай сайын менің қалтамнан сондағы есептегенім бойынша, 500 мың таза қалтамнан кетеді. Және ол 1 ай емес, бірнеше ай бойы қайталанып отыр. Ал, тапқан қызметкерлердің жалақсысы мен салық төлеуге жіберіледі. Басқа ештеңе жоқ".

Сонымен қатар, кәсіпкерлер балабақшадағы бүлдіршіндерді ұлттық бірыңғай деректер қорына тіркей алмай отырғанын айтады.

Жанар Сейсенбаева, балабақша құрылтайшысы:

"90 баланың жартысы басқа балабақшадан келді. Бірақ, олар ұлттық бірыңғай деректер базасында сол балабақшаларында қалып қойды. ЭЦП ключтарымен сол ата-аналар бізге тіркейін десе, деректер базасында біздің балабақша тіркелмеген. Сонда бұл жерде заңсыздыққа барып тұрған сияқты. Олар мүмкін мемлекеттен сол балабақшалар мемлекеттік тапсырыспен әлі де ақша алып отырған шығар".

Жанайқайларына құлақ асар деген үмітпен облыс әкімдігіне келген кәсіпкерлерді білім басқармасының басшысы қабылдады. Мұң-мұқтаждарын тыңдап, жағдайдан хабардар екенін жеткізді. Алайда, дәл қазір беретін қаражаттың жоқтығын алға тарты. Тек, алдағы мәслихат сессиясын күтпек.

Майгүл Омарова, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы:

"Облыс бойынша, 72 мыңнан астам орын мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп жатыр. Жаңадан ашылатын балабақшалардың орны ол 18 мыңнан астам. Сол 18 мыңнан астам орын саны 1,4 млрд теңгені қажет етеді. Бюджеттегі бар үнемделген ақшалар арқылы бұл мәселелер қарастырылады".

250 шақырымды артқа тастап, көмек сұрай келген кәсіпкерлер жауаптылардың жауабына қанағаттанбады. Арнамыз арқылы Президенттен көмек сұрады.

Әйгерім Ноғайбайева, балабақша құрылтайшысы:

"Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелович, өтінеміз, көмектесіңіз бізге. Себебі, мінекей, Алматы облысының әкімшлігі дәл қазір бізге бір жарым млрдты бөлуге олардың шамасы жете алмай жатыр. Көмектесіңіз!".

Айта кетейік, қазір Алматы облысында мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 98,4 пайыз. Яғни, әлі де балабақша қажеттілігі бар. Сондықтан, қаражат дер кезінде бөлінбесе, жекеменшік бөбекжайлардың болашағы бұлыңғыр болмақ.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!