Алматы облысында ауыл халқы су алу үшін сағаттап кезекте тұрады

11:50, 14 қазан 2020
1465

Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Қосағаш ауылы тұрғындары мұңын шақты. Елдімекенде бар-жоғы 3-ақ колонка бар екен. Оның өзі сыздықтап ағып, тағатты тауысады екен. Ал, Талдыбұлақ ауылының тұрғындары құм араласқан суды тұндырып ішуге мәжбүр. Одан қалса, су жиналатын қойманың айналасы да қоршалмаған екен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

500-дей тұрғыны бар Қосағаш ауылындағы су жүйесі әбден ескірген. Айналдырған 3-ақ суағар қалған екен. Кейде кезекті сағаттап күтуге тура келеді. Өйткені, таудан ағып келетін судың қысымы аз. Сондықтан, сыздықтап тұрады. Қыс келсе, қатып қалуы да ғажап емес.

– Мынандай түрімен қыста қатып қалады. Биыл вообще судың сұрқы мынау. Ақырын тұрады. Елдер флягпен келеді. Тачкамен келеді, әйтеуір. Қыста қардың суын ішеміз бе, білмеймін енді. Қалай істейміз, – дейді Қосағаш ауылының тұрғыны Рауаят Жантасов.

Ауылдың төменгі бөлігінде тұратын тұрғындар тіршілік нәрін тасып, шаршағандарын айтады. Кір жуып, монша жағу былай тұрсын, күнделікті ауызс уды үнемдеуге тура келеді, дейді.

– 3 колонканың біреуі мынау. Өстіп сыздықтап ағып тұрады. Асықпай осыны толтырып аламыз. Өзімінің аяғым ауыр себепті, алысқа бара алмаймын. Осы жерден тосып аламын, таза ауызсуды. Қыста бұл мұлдем жоқ болып қалады. Жалғыз колонкаға қарап қаламыз, – дейді Қосағаш ауылының тұрғыны Ғалия Ертәліп.

Талдыбұлақ ауылының тұрғындары да тау бұлағының суын ішіп отыр. Құбыр арқылы елді мекенге тартылғанымен, құм араласып келеді, - дейді. Әсіресе, көктем-күзде, жаңбырлы күндері су лайланып, ішуге жарамай қалатын көрінеді.

– Су жоқ мінекей. Ауылда кәдімгі айтқаның бәрі, судың бәрі міне қазір қарап отырсаң құм. Судың басынан кешке қарай ішсең, кәдімгі құм жүреді, – дейді Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Қазыбек Қалдыбекұлы.

Талдыбұлақ ауылында таудан ағып келетін өзен суы дәл осы жерге жиналады. Ол су құбыр арқылы сүзгіден өтіп, ауылға беріледі. Ал, өздеріңіз көріп отырғандай, айналасы қоршалмаған. Оның үстіне сүзгі де әбден ескірген. Санитарлық нормалар да сақталмаған.

Тұрғындар су қоймасының айналасын қоршау былай тұрсын, жиі тазаланбайтынына наразы. Басында мал жүреді, балалар жазда суға шомылады. Не ішіп жатқаны да белгісіз. Тек ағынды судың арамы жоқ, - деп тұтынып отырғандарын айтады. Сондықтан, қос елді мекеннің тұрғындары қашан таза ауызсуға қол жеткізетінін жауаптылардан сұрап білдік.

Ержан Шағылбаев, Кербұлақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Талдыбұлақ ауылының су жүйесі мен құрылысын жаңғырту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары бүгінгі күні әзірленіп, дайын тұр. 2021 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз. Ал, Қосағаш аулына келетін болсақ, жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 8 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді. 2022 жылы су жүйесінің құрылысы жүргізіледі деп жоспарланып отырмыз.

Жалпы, Кербұлақ ауданында 63 елді мекен бар. Соның 59-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Дегенмен, соның біраз бөлігі кеңестік кезеңде жасалған екен. Сондықтан, құбырлар ескіріп, күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!