Ағаштарды заңсыз кесетіндер үшін айыппұл төлеу тәртібін өзгерту ұсынылды

15:35, 16 қыркүйек 2026
MKZ: 1567187

© Сурет: Zakon.kz.

2026 жылғы 16 қыркүйекте Құрылтайдың пленарлық отырысында депутат Ажар Сағандықова ағаштар мен өсімдіктерге келтірілген зиян үшін салынатын айыппұлдарды есептеу тәртібін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат өсімдіктер дүниесіне келтірілген зиян мөлшерін анықтау тәртібіне назар аударды.

"Қолданыстағы заңнамада келтірілген зиянды өтеудің базалық мөлшерлемелері қарастырылған. 2025 жылы ағаштар мен бұталарды заңсыз алып кесу, дайындау, зақымдау немесе жою үшін олардың түрі мен жасына қарай 9-дан 80 АЕК-ке дейінгі жеке мөлшерлемелер енгізілді. Осы жерде маңызды сұрақ туындайды: бұл цифрлар қандай негізге сүйеніп белгіленген? Азамат немесе заңды тұлға нақты бір ағаш үшін жауапкершілік мөлшері неліктен дәл осындай екенін түсінуі керек. Бұл нормативтік актідегі жай ғана сан емес, ғылыми, экологиялық және экономикалық тұрғыдан түсінікті есептеудің нәтижесі болуы тиіс", – деді депутат.

Оның айтуынша, жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін өсімдік түрін жою мен қалпына келтіруге болатын кәдімгі ағашты зақымдаудың арасы жер мен көктей.

"Бір реттік құқық бұзушылықтың тұтас бір популяцияға немесе өсімдіктер қауымдастығына келтірілген зиянның жөні бір бөлек. Сондықтан бірдей формалды тәсіл әрдайым әділ бола бермейді. Бұл ретте біз жауапкершілікті жеңілдетуді ұсынып отырған жоқпыз. Керісінше, табиғатты заңсыз зақымдағаны үшін жауапкершілік міндетті түрде болуы керек. Бірақ ол негізделген, ашық әрі нақты экологиялық талапқа сай болуы тиіс. Өсімдік түрінің табиғатты қорғау мәртебесін, зақымдану деңгейін, қалпына келтіру мүмкіндігін, қалпына келтіруге жұмсалатын нақты шығындарды және аумақтың экологиялық маңызын ескеру қажет. Тағы бір маңызды мәселе: егер мемлекет табиғатқа келтірілген залал үшін қаражат өндіріп алса, қоғам сол қаражатқа нақты қандай жұмыстар жүргізіліп, не қалпына келтірілгенін түсінуі керек", – деді Сағандықова.

Ол осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өсімдіктер дүниесіне келтірілген зиянды бағалау жүйесін жетілдіруді және тек зақымданған нысандардың санын ғана емес, қоршаған ортаға тигізген салдарын да ескеретін заманауи әрі ашық әдістемеге көшуді ұсынып отырғанын атап өтті.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!