2027 жылдан бастап Қазақстанда ҰБТ қалай өтеді: Ғылым министрлігінің түсіндірмесі

14:51, 6 қаңтар 2026

© Фото: Национальный центр тестирования

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова 2026 жылғы 6 қаңтарда Үкіметтегі брифингте Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) форматына жоспарланып отырған өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҰБТ-ны жетілдіру мәселесі пысықталып жатыр.

"ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихандардың бір түрі. Қазіргі кезде ҰБТ білімді тексеруге бағытталған, сонымен қатар математика және академиялық сауаттылық бойынша аналитикалық ойлау қабілеттері де бағаланады. Қазіргі заманда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар кеңінен енгізіліп, білім алу тәсілдері өзгеріп жатқандықтан, мектеп пәндерінен бөлек талапкерлер түрлі дереккөздерден қосымша ақпарат меңгереді. Осы тұрғыда бізге талапкерлердің қандай аналитикалық және сыни ойлау дағдыларымен келетінін анықтау маңызды. Осы мақсатта ҰБТ жетілдіріліп жатыр. Алайда биыл ҰБТ форматы өзгермейді", – деп нақтылады Гүлжан Жарасова.

Оның сөзінше, келесі жылдан бастап тест тапсырмаларының мазмұны талапкерлердің дағдыларын анықтауға мүмкіндік беретін халықаралық стандартталған тесттерге сәйкестендірілетін болады.

"Бұл талапкерлерге қосымша жүктеме түсірмейді. Керісінше, олардың білімді қаншалықты меңгергенін және алған білімін алдағы оқу үдерісінде қалай қолдана алатынын көрсетуге мүмкіндік береді. Сондықтан ешқандай қосымша ауыртпалық болмайды", – деп сендірді спикер.

Бұған дейін Астана әуежайы жолаушыларға маңызды ескерту жасағанын жазғанбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!