23 жастағы қазақ көршінің бұзауын ұрлап, сатып жіберді

21:22, 27 қаңтар 2021
96

Қорасындағы байлауда тұрған бұзауынан айырылып қалған Кербұлақ ауданы Беріктас ауылының тұрғыны полицияға арыз берген. Қыркүйек айының соңында оның ірі қарасын ұрлағандар 130 мың теңге материалдық шығын келтірген, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмысты ашуға бағытталған ауқымды шаралар барысында күдікке ілінген зардап шегушінің көршісі 23 жастағы ауыл тұрғыны ұсталып, жауап алу барысында қылмысы әшкере болды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1997 жылы туған тұрғын ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін ол қылмыс жасағанын мойындады. Оның өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Басқа ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, деді Кербұлақ ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Алдын ала тергеу барысында күдікті өзінің досына хабарласып, өзіне тиесілі малын Талдықорған қаласына жеткізуге қол ұшын беру туралы өтініш жасағаны анықталды. Жеңіл көлікпен келген екі жігіт малдың өзгеден ұрланғанынан бейхабар болған. Облыс орталығына әкелген соң күдікті бұзауды басқа танысына арзан бағаға соғым ретінде сатып жібергені белгілі болды.

Мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу мәселесі ауданда қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері тіркелген екі қылмыс та әшкереленіп, қолды болған малдар иелеріне қайтарылды. Мал иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге, малдарын қараусыз жібермеуге шақырамын. Сонымен қатар, елдімекенде қараусыз жүрген мал иесіне әкімшілік айыппұл салынатынын ескертемін, деді Кербұлақ ауданының бас полицейі Ербол Ахметқалиев.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір