-3°C-қа дейін үсік, найзағай мен шаңды дауылдар: 18 сәуірде қандай ауа райы күтіп тұр

18:39, 17 сәуір 2026

© Фото: pixabay

"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2026 жылғы 18 сәуір, сенбіге арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Метеорологтардың мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде ауқымды антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Алайда Қазақстанның батысында, оңтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың ықпалы сақталып, ауа райы құбылмалы болады.

"Бұл өңірлерде найзағаймен бірге жаңбыр жауады, шығыста кей жерлерде қар күтіледі, ал оңтүстікте және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанады", – деп мәлімдеді "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Сонымен қатар республика бойынша тұман түседі, шығыс пен орталық өңірлерде көктайғақ болады, жел күшейеді, ал батыста шаңды дауылдар болуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде күндіз өте күшті жел соғып, екпіні секундына 30 метрге дейін және одан да жоғары болуы ықтимал.

Синоптиктердің мәліметіне сәйкес, Жамбыл облысының солтүстігі мен тау бөктерінде, Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында, Алматы облысының тау бөктерінде, Қызылорда облысының солтүстігінде және Жетісу облысында түнде 1–3°C аралығында үсік жүреді.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының батысы мен оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында, сондай-ақ Қарағанды облысының оңтүстігі мен Абай облысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Бұған дейін 2026 жылғы 18–20 сәуірге арналған ауа райы болжамын жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!