Бөлме гүлінің пайдасы

18:45, 18 ақпан 2017
2997

 Хлорофитум – ең пайдалы бөлме гүлдердің бірі. Хлорофитум тұқымдасына жататын өсімдіктердің 215-ке жуық түрі бар. Жапырақтары қияқ тәріздес, гүлдері ұсақ, төрт күлтелі, ақ түсті болады. Жапырақтары уытты заттарды жұтып, ауаны тазартады. Мамандар бұл гүлді, әсіресе, ас үйде және жатын бөлмеге қоюға кеңес береді. Ала жапырақты хлорофитумды жарық мол түсетін жерге қою керек. Ал жасыл жапырақтысы көлеңкеде де өсе береді. Құрғақ, ыстық ауада жапырақтарының ұшы қоңырқай тартып, қурап кетуі мүмкін. Сондықтан да су бүркіп тұруды ұмытпағаныңыз жөн. Бұл гүл жазда жиі, қыста сирек суғаруды қажет етеді. Әдемі жапырақтыларға арналған тыңайтқышпен көктемнен күзге дейін екі аптада бір рет қоректендіру қажет. Көбейту әдісі: бұл гүлді балапандары және түбін бөлу арқылы көбейтуге болады.

 

 

 Хамедорея – пальма ағашының ең ірі түрі. Оның жүзден астам түрі бар. Мамандар бұл гүлді тас жолға жақын маңда орналасқан үйлерде өсіруге кеңес береді. Өйткені, хамедорея тас жолдан және көліктерден бөлінетін бензол, трихлорэтилен сынды зиянды заттарды жұтады. Үй жағдайында хамедореяның Мексика мен Гватемалада өсетін түрлерін өсіреді. Бұл хамедореяның биіктігі 2 метр, әр сабағында алты-жеті, қанат тәрізді жапырақтары болады. Хамедорея үй жағдайында өсіруге өте ыңғайлы өсімдік, көп күтімді қажет етпейді, бірақ баяу өседі. Жаз кезінде оны балконға немесе аулаға шығарып қою қажет. Тек өткір күн сәулесінен және желден қорғау керек. Жазда жиі, қыста сирек суғарылады. Наурыз-тамыз айларының аралығында сұйық тыңайтқышпен қоректендіруді ұмытпағайсыз.

Көбейту әдісі: түбінен өскіндер пайда болады. Оларды бөліп жеке отырғызады. Немесе тұқым арқылы көбейтіледі. Тұқымдарды 24ºC температурада тамырландыру керек. Ең тиімдісі, хамедореяның дайын көшеттерін сатып алу.

 

 

 Лимон – цитрустар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаш. Оның жабайы түрі болмайды, қолдан өсіріледі. Биіктігі 3-7 метрге жетеді. Бұтақтары тікенекті. Жапырағының жоғарғы ұшы үшкірленген, пішіні жұмыртқа тәрізді, шеттері ара тісті болып келеді. Лимон С дәрумені және темір, эфир майы, кальций, калийге бай. Лимонның жемісін шырын және лимон қышқылын алуға пайдаланады. Мамандардың айтуынша, лимон жапырағының 85 емдік қасиеті бар екен. Лимон өсетін бөлмеде түрлі бактериалар мен ауру туғызатын таяқшалар болмайды екен. Сондай-ақ, мамандар қан қысымы жоғары адамдарға үйінде лимон өсіруге кеңес береді.

Көбейту әдісі: лимонның тұқымы, қалемшесі және өркендері арқылы көбейтуге болады.

 

Дереккөз: anabol.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!