Никарагуада халық көтеріліске шығып, 25 адам қаза тапты

10:51, 24 сәуір 2018

Алматы. 24 сәуір. 7kun.kz – Никарагуада халық жаппай көтеріліске шықты. Көтерілістің себебі зейнеткерлерге қатысты жаңа реформаның жариялануы болды. Көтеріліс соңы зорлық-зомбылыққа ұласып, салдарынан 25 адам қаза тауып, 67-сі жараланды. Бұл туралы CNN хабарлады.

Бірнеше күнге жалғасқан көтерілістен соң Никарагуа президенті Даниэль Ортега зейнеткерлерге қатысты жарияланған реформадан бас тартты. Бұл туралы ел басшысы тікелей эфирде көрсетілген шенеуніктермен кездесу барысында жариялады.

«Бұл резолюцияны мен дәл қазір жариялаймын. Әлеуметтік қамту Кеңесінің қолдауымен зейнеткерлерге қатысты реформадан бас тартамыз, яғни, реформа күшін жойды», – деді президент.

Еске сала кетейік, өткен аптада Никарагуа Үкіметі әлеуметтік қамту жүйесіндегі дефицитті тоқтату үшін зейнеткерлерге қатысты реформа жариялаған. Яғни, жұмысшылар мен жұмыс берушілер төлейтін жарна көбейіп, зейнетақы мөлшері азайтылған болатын.
Ортега қарсы шығушы тараппен кездескен соң реформадан бас тартты.

Ел астанасы Манагуа қаласында көтерілісшілер тас лақтырып, үйлерді өртеген. Ал тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газ қолданып, резина оқ атқан. Бірнеше телевидение станциясы эфирді тоқтатуға мәжбүр болған.

Никарагуа адам құқықтарын қорғау орталығы 25 адамның көз жұмып, 67 тұрғынның жараланғанын хабарлады. БҰҰ мен АҚШ мемлекеттік департаменті көтерілісшілерге қарсы көрсетілген зорлық-зомбылықты тоқтатып, мәселені бейбіт түрде шешуге шақырды.

Дереккөз: Baq.kz

 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!