«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері құрметке бөленді
15 қазан — Орман шаруашылығы қызметкерлері күні. Биыл бұл мерекені еліміздегі 160 табиғат қорғау мекемесінде жұмыс істейтін 17,4 мыңға жуық орманшы атап өтті. Олардың қатарында «Көлсай көлдері» МҰТП ұжымы да бар.
Өңір үшін аса маңызды мекеме ұжымы ұйымдастырған айтулы мерекені атап өту шарасына орман саласының ардагерлері мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Кеген ауданы әкімдігі, Саты ауылының әкімдігі, Алматы облыстық шекара басқармасының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын парк тарихы, қызметкерлері мен жан-жануарлар әлемі туралы бейнероликпен, мекемеде қызмет атқара жүріп, өмірден өткен әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Жиынды «Көлсай көлдері» МҰТП директоры Елнұр Ахметов 2023 жылы атқарылған жұмыс туралы баяндамамен жалғастырып, соңында мекемеге қарасты 4 орманшылық инспекторларына таулы жердегі жұмысқа аса қажетті құрал-жабдықтар табыс етті.
Атап өтетін жайт, Көлсай көлдері мен Қайыңды көлі аумағына келушілердің қатары жыл сайын артуда. Биылғы жылдың 9 айында Ұлттық парк аумағына 217 441 демалушы келген.
Жиын барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нармаханов, Саты ауылының әкімінің орынбасары Мәлік Ыдырысов, Жалаңаш шекара бөлімінің бастығы, майор Ермек Ерболат сөз сөйлеп, МҰТП қызметкерлеріне төсбелгі, алысхаттар табыс етті.
Атап айтқанда, Ұлттық парктің алғашқы директоры Жамбыл Мықитанов Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Сіңірген еңбегі үшін» меделімен, директор Елнұр Ахметов «Биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» 1 дәрежелі төсбелгісімен, директордың орынбасары Мақсат Әлімқұлов «Биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» 3 дәрежелі төсбелгісімен, мемлекеттік инспекторлар Азамат Аңламасов, Нұрлыкен Ибрайымов, Керімбай Ұзақов комитеттің Құрмет грамотасымен, Төрегелді Мырқасымов Алғыс хатпен, Бағдат Уәлиева, Назгүл Нүсіпова комитеттің Құттықтау хатымен, Әкімжан Өтегенов пен Болат Омаров орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Айгерім Сүгіралиеваға Алматы облыстық Туризм басқармасының Құрмет грамотасы берілді.
МҰТП директорының орынбасары Хамит Ахметов, Гүлшат Омарғалықова, Гүлнар Байсаханова, Серікбек Сәлімбаев, Мәулен Баймырзаевқа Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың Алғыс хаты табыс етілді.
Сондай-ақ 12 қызметкер Саты ауылы әкімі Әділхан Батановтың Алғыс хатына, 35 қызметкер мекеме директоры Елнұр Ахметовтың Алғысхатына ие болды.
Салтанатты жиынды Қарасай Шекара басқармасы мәдениет бөлімінің қызметкерлері мен парк өнерпаздары әнмен әрледі.
Ардагерлердің алғысы
Сондай-ақ шара барысында ардагерлер Меліс Карипов, Сәтбай Сыбанқұлов, Шарубек Азанбекұлы, Тайбек Смаилов, Қанат Байғозиев, Сейсен Ескендіров, Болатбай Өтегенов, Еркін Барақов, Мырқияс Сұраншиевқа құрмет көрсетіліп, сый-сияпат берілді. Бүгінде «Көлсай көлдері» МҰТП қызмет істеп, зейнетке шыққан 30-ға жуық ардагер бар. Олардың арасындағы ең үлкен қариясы бүгінде 83-ке келген Меліс Карипов КСРО тұсында Мехлесхоз, Таушелек орман шаруашылығы сынды мекемелерде басшылық қызметтер атқарған. Бүгінде «Көлсай көлдері» МҰТП ерекше қорғауындағы Көлсай, Қайыңды көліне баратын жолды 1970 жылы салдырып, басшылық жасаған ардагер орманшы парк құрылған тұста да мекеменің іргетасын қалауға үлкен үлес қосқан.
«Орман шаруашылығы аса маңызы саланың бірі. Өмірімізді осы салада, Жалаңаш, Таушелек өңірінің орманы мен жан-жануарын қорғауға арнадық. 1971 жылы Көлсайға дейінгі жолды, өзім бас болып, тракторшы Қырғызбай Көккөзов 15 күнде салып шықты. Қазір ол жолға асфальт түсті. Қайыңдының жолы да сол 1970-71 жылдары 3 мың сом жұмсап, таудың басына дейін жеткіздік. Әр сайдың басына дейін жол, 11 көпір салдық. Осы өңірдегі қонақүйдің алғашқысын, Талдының басында 50 адамдық қонақүйді біз салғанбыз. Жыл сайын әр орманшылық 50-100 гектарға дейін орман отырғызатын. Жалғыз жүріп 35 гектарға дейін отырғызып тастайтын орманшылар болды. Мамандардың көбі соғысқа қатысқан, қиыншылық көрген, өз ісіне берілген, адал адамдар еді. Көлсайда 13 келіге дейін жететін балықтар болатын. Қазір заман бөлек. Соңғы 10 жылдан астам уақыт Орман саласы қызметкерлерінің күні мерекесі аталып өтпеген еді. Биыл «Көлсай көлдері» МҰТП директоры Елнұр Ахметовтың ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері марапатталып, ардагерлерді шақырып, сый көрсетіліп жатыр. Бұл сала үшін, мекеме қызметкерлері үшін үлкен құрмет», дейді қарт орманшы.
Ал ширек ғасыр орман саласында еңбек еткен кәсіби мамандар Шарубек Азанбекұлы, Тайбек Смаиловтар 1960 жылдардың соңында «Таушелек лесхозында» еңбек жолын бастап, 2007 жылы «Көлсай көлдері» Ұлттық паркінің құрылуына атсалысқан. Еңбек өтілдері 50 жылға жуықтаған ардагер-орманшылар Жалаңаш, Таушелек өңіріндегі әр қарағай көз алдымызда өсті десек қателеспейміз, дейді.
Еңбек жолын орман шеберлігінен бастап, «Таушелек» орман шаруашылығы мекемесінің директоры қызметін атқарған, «Көлсай көлдері» МҰТП құрылуына үлес қосқан ардагер-орманшы Тайбек Смаилов Кеңес одағы кезінде жылына әр орманшы 8 гектарға дейін жерге 44 мыңға дейін көшет отырғызғандарын айтады.
«Ол көшеттер ну орманға айналды. Алды өндіріске пайдаланылды. Ол тұста ағаш өсірумен қатар, өндіріске пайдалану үшін, жылына 12 мың текше метр ағаш дайындалатын. Орманшыларымыз әрқайсының көлемі 1 -1,5 кей жерде 2 метрге дейінгі көлемдегі, жалпы аумағы 5-8 гектарға дейін жерді қолмен ағаш егуге дайындайтын. Сонда әр орманшы жылына шамамен 10-20 гектарға дейін ағаш көшеттерін отырғызатын. Әрі оны 5 жылға дейін күтіп-баптайтын. Ол күннің талабы басқа. Мамандар көлікпен емес, атпен, жаяулап жүріп, еңбек етті. Қияларға жол салды. Бүгін біздің жұмысымызды жалғастырып, күн талабына сай еңбек етіп отырған орманшыларға, арнайы «Көлсай көлдері» МҰТП еңбек етіп отырған ізбасарларымызға атқарған еңбектеріне адал, халық үшін атқарып жатқан еңбек екенін біліп, табиғаттың түрлі қаупінің бірі – өрт, оның алдын-алып, жан-жануардың амандығын, елдің амандығын ойлап еңбек етсе деген тілегім бар», дейді Тайбек Әшірұлы.
Ал ардагер-орманшы Шарубек Азанбекұлының айтуынша Таушелек өңірінде 1200 гектар жерге қарағай егу жұмыстарына жетекшілік жасаған.
«Орман саласындағы жұмыс жолым 10 сыныпта басталған. Жазғы маусымда қарағай егу жұмыстарына қатысатынбыз. 1968 жылы, 17 жасымда ресми түрде Жалаңаш орман шаруашылығы мекемесіне ағаш шебері болып жұмысқа тұрдым. Кейін әскер қатарында болып, одан кейін Көкшетаудағы орман шаруашылығы техникумын бітіріп, Таушелек лесхозына келсем, Тайбек Смаилов, Кенжебек Досайбеков, Әуелхан Тоңқаев, Серік Егізбаев, Тұрды Шарғынов, Василий Довнар сынды жас мамандар да келген екен. Мекеме басшысы Ұйым Жолшиев адал істеңдер, деп бата беріп, бөлімшеге бөлді. Орман саласының нағыз кәсіби, мықты мамандары болған осы азаматтармен қатар жүріп, Жалаңаш, Таушелек өңірінің табиғатын қорғау, көбейтуге адал қызмет еттік. Біздің Таушелек лесхозы бүкіл Кеңес Одағы бойынша питомниктен ең кең үлкен питомник атанып, Совет Одағы бойынша үздік болды. Профсоюздың Қызыл туын жеңіп алып, көптеген сыйлықтар алды. Сол кезде питомниктің үлкендігі елу гектар болатын. Әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Тіпті тас, қараға өспейді деген жерге де ағаш шығардық. Көлсайдың шыға берісіндегі бетте «Қонаевтың жұрты» деп атайтын жер бар. Сол жер тастақ, ағаш өспейді деген жер еді. Сол жерге өз ісіне берілген нағыз орманшы Сейсен Ескендіровке қарағай ектірдік. 1,5 гектар жердегі сол ағаш қазір жайқалып өсіп, көлге сән беріп тұр. Сейсен сынды азаматтардың осы еңбегі ұмытылмаса деймін. Қазіргі Қарабадал, Көлсайдағы сарбағыстың текшесі, Күрметінің басы, Талды түгел өз қолымызбен егілген екпе орман. Қазір бұл орманның барлығы «Көлсай көлдері» сынды үлкен мекеменің берік қорғауында екеніне қуаныштымыз», дейді ардагер орманшы.
Ардагер – орманшылар өздерінің еңбек жолдарын Елнұр Ахметов басқаратын «Көлсай көлдері» Ұлттық паркіннің қызметкерлері табысты жалғастырып жатқанын айтып, алғыс білдірді.
Ұлттық парк директоры жиын барысында ардагер ақсақалдарға алғыс айтып, парк ұжымы — үлкен отбасы екенін, еңбек етумен қатар, елді, жерді сүю керектігіне баса тоқталды.
«Көлсай көлдері» бүкіл республикаға біткен бақ. Ұлттық парктің мақсаты осы табиғатты болашақ ұрпаққа жеткізу. Осы жұмысты табысты жалғастырайық», деп атап өтті Елнұр Мұхаметжанұлы.
Ал мемлекеттік инспекторлар болса, мұндай шараның ұжымды ұйытып, жұмысқа жауапты қарауға ынталандырады дейді.
«Бүгінгі шарада әріптестеріміз түрлі марапатқа ие болып, күнделікті жұмысқа қажетті жабдықтар алдық. Түрлі мекеме басшыларының ыстық лебіздерін естіп, ән мен күй тыңдадық. Осындай деңгейде алғаш рет өтіп отыр. Елнұр Мұхаметжанұлы бастаған басшылыққа алғыс айтамыз», дейді Көлсай орманшылығының мемлекеттік инспекторы Ескелді Манапбаев.
Ал мемлекеттік инспектор Кенжетай Байбалақовтың айтуынша мұндай шаралардан кейін мамандардың еңсесі көтеріліп, жұмысына жауапкершілігі артады.
«Бүгін мемлекеттік инспекторлар, әріптестерім жақсы марапаттарға ие болып жатыр. Кеңседегі инженерлер, мамандар директорымыз Елнұр Мұхаметжанұлының бастамасымен бүгін мемлекеттік инспекторлар демалуы тиіс, деп, осы шараны ұйымдастырып, қызмет көрсетуде. Үлкен алғыс айтамыз. Ардагерлер келіп, тілек айтты. Өнерпаздар әннен шашу шашты. Мұндай шарадан соң әріптестерімнің еңсесі көтеріліп, жұмысқа бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарайтынына сенімдімін. Үлкен мереке болды», дейді парк қызметкері.
Айта кетейік, 2007 жылы құрылған «Көлсай көлдері» МҰТП қызметкерлері Кеген және Талғар аудандары аумағында орналасқан жалпы ауданы – 161 мың гектардан астам жердің табиғатын қорғап, сақтаумен айналысады. Аумақтың 72 пайызы қорық есебінде, ал 13 пайызы туризм және қалпына келтіру (рекреация) аймағына жатады. Аталған аумақ шетелдік және отандық туристер арасында сұранысқа ие. Қазіргі кезде Ұлттық паркпен келісім шартқа отырған 13 туристік фирма жұмыс істейді. Экологиялық және танымдық туризмді дамыту мақсатында ұлттық парк аумағында туристер мен демалушыларға арналған 7 туристік бағыт қызмет көрсетеді.
2021 жылғы 15 қыркүйекте ЮНЕСКО «Көлсай көлдері» МҰТП-ін дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосты. Ал Ұлттық парк аумағындағы Саты ауылы бүгінде еліміздегі ең табысты туризм ошақтарының бірі. Ауыл 2020 жылы Lonely Planet халықаралық агенттігінің нұсқасы бойынша жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризмнің ең жақсы бағыты ретінде танылып марапатқа ие болған. Ал 2021 жылы ауыл туризмі бойынша төртінші дүниежүзілік конференцияда Саты ауылы «Rural Light Cup» немесе «Әлемдік ауыл туризмінің Оскары» алтын медалын иеленді. Ал 20 тамыз күні UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы Саты ауылын
«Үздік туристік ауыл» деп танығаны белгілі болды.
Источник: 7kun.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
11:51, 20 желтоқсан 2024
20 желтоқсандағы Алматы мен Астанадағы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы
-
16:17, 19 желтоқсан 2024
Қазақстанда түскі саудада доллар өсті
-
12:26, 19 желтоқсан 2024
Алматы және Астана қалаларындағы айырбастау пункттеріндегі 19 желтоқсандағы валюта бағамдары
-
15:58, 18 желтоқсан 2024
Қазақстанда доллардың арзандауы жалғасуда
-
11:57, 18 желтоқсан 2024
Алматы және Астана қалаларындағы айырбастау пункттеріндегі 18 желтоқсандағы валюта бағамы