Бүгін EXPO көрмесінің шеңберінде АҚШ-тың ұлттық күні атап өтілді

21:19, 4 шілде 2017

Бүгін EXPO алаңында АҚШ өзінің ұлттық күні атап өтті.

Қазақтың халық әні «Дударайды» ағылшын студенті орындап, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне шетелдіктер тарапынан ерекше көңіл бөлінді.

Мұхит асып келген америкалық меймандар осындай әдіспен келушілердің көңілінен шықты.

Мерекеге орай АҚШ павильоны жиналғандарға ерекше мәдени бағдарлама әзірледі. Ағылшын студенттері қазақтың ұлттық әнін шырқап, «Қамажайды» биледі. Ұлттық күн олардың тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын да атап өту керек.

Қазақтың халық әні «Дударайды» ағылшын студенті Грейс Гаррет орындады. Қазақтың үніне ғашық болған қаршадай қыздың ағылшын акценті әннен алған әсерді бәрібір бұза алмады. Ал қазақтың «Қамажайы» мен ағылшынның «Сквэр дансы» сахнада ерекше үйлесім тапты.

Ағылшын павильонының EXPO қонақтарына арналған ерекше сыйы мұнымен аяқталмады. Мәдени шара шерумен жалғасты.

Сондай-ақ бүгін – АҚШ тәуелсіздігі күні. Осыдан 241 жыл бұрын тәуелсіздік декларациясын қабылдаған бұл мемлекет «сарқылмас энергияның көзі – адамның рухы» деп біледі.

«Энергияның таусылмас көзі – күн, жел не су емес, қарапайым адамдар. Осылай болды да, осылай болып қала береді». Бұл – АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі және павильонның комиссары Джорд Кроллдың пікірі.

Джордж Кролл, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:

- Біздің павильонның тақырыбы – адам энергиясы. Яғни адам – таусылмайтын энергия. Мерейлі даталар көп. Мысалы бүгін – АҚШ-тың тәуелсіздік күні, EXPO-дағы ұлттық күніміз, сондай-ақ биыл Америка мен Қазақстанның дипломатиялық қатынастарына – 25 жыл. Біз үнемі бірге жұмыс істеп келдік, бірге жұмыс істей береміз.

2016 жылы әлем бойынша баламалы энергия көздеріне тартылған инвестиция көлемі 241 млрд доллардан асқан. Қазір АҚШ секілді алпауыт ел «жасыл» экономикадан жыл сайын 600 млрд доллар пайда көреді. Бұл – ІЖӨ-нің 4,2%-ы.

Джозеф Милмен, павильон қызметкері:

- Мен Нью-Джерси штатынан келіп отырмын. Бізде жел диірмендері және әр үйде күн панельдері орналасқан. Астанаға келген 40 еріктінің бірімін. Астананың желі бұл – болашақтың таза әрі қауіпсіз энергиясы деп ойлаймын.

АҚШ – Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі. Америка – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған ел әрі бірінші болып елшілігін ашқан мемлекет. Ал АҚШ елшілігі атап өткендей, Астанада Амерканың тәуелсіздік күнін тойлау бір күнмен шектелмейді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Қана Әбілдин

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!