Flydubai капитаны ұшақ бортындағы шабуылдың мән-жайын баяндады

12:06, 19 қазан 2026
MKZ: 1573108

© Сурет: wikipedia

Flydubai әуе компаниясының капитаны Смит Маччхар екінші ұшқыштың оны балтамен жаралап, ұшақты Арабия шөліне қарай құлдилауға бағыттағанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Oxu.Az басылымының жазуынша, ол бұл оқиғаны аурухана палатасында жатып баяндаған.

Ұшақ Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған. Маччхардың айтуынша, екінші ұшқыш екі сағат бойы оның жанында отырып, ешқандай күдік тудырмаған. Алайда кенеттен оған шабуыл жасай бастаған. Бір минутқа жетпейтін уақытта ұшақ 5 181 метр биіктік жоғалтқан.

"Қолымнан келгенше соққылардан қорғанып, әріптестерімді көмекке шақырып айқайладым. Ақырында етпетімнен құладым", — деп еске алады Маччхар.

Капитанның айтуынша, алғашында басына тиген соққыны ұшақ жабдығының бір бөлшегі түсіп кеткеннен болды деп ойлаған. Алайда артынша соққылар жалғаса берген.

"Алғаш рет басыма соққы тигенде, ұшақтың құрылымында ақау болып, қандай да бір бөлшек басыма құлап кеткен шығар деп ойладым. Рульге құлап кете жаздадым. Бірнеше секундтан кейін соққылар жалғасқанда, мені басқа адамның — өзім экипаж мүшесі деп санаған әріптесімнің ұрып жатқанын түсіндім", — деді ол.

Маччхардың сөзінше, ол алдымен қауіпсіздік белдігінен босап, басына бағытталған соққылардан қорғануға тырысқан.

"Алғашқы соққылардан кейін көзімнің алды қатты бұлдырап, айналамды көре алмай қалдым. Заттардың тек сұлбасын ғана ажырататынмын", — деді зардап шеккен капитан.

Flydubai капитаны оқиғалардың нақты ретін және олардың арасында қанша уақыт өткенін толық есіне түсіре алмайтынын айтты. Дегенмен бірнеше әрекеттен кейін, қансырап, есінен танып қала жаздағанына қарамастан, кабина есігін ашуға қол жеткізген.

Ол шабуыл жасаған екінші ұшқыш әуе кемесін төмен қарай құлдилатқан сәтте есін жиған. Сол уақытта экипаж мүшелері мен жолаушылар кабинаның арғы жағынан есікті ұра бастаған.

"Ең қорқыныштысы — қозғалтқыштардың айналымы төмендей бастағанын естіп, сезгенім. Қозғалтқыштардың дыбысы толық қуатта жұмыс істеп тұрған кездегіден мүлде басқа деңгейге өзгерді. Әрі ұшақтың күрт төмен қарай құлдилағанын сездім. Сол сәтте тірі қалмайтынымды түсіндім. Есікті үнемі іздедім, соған қарай жетуге тырыстым. Есікті итердім... Келесі есімде қалғаны – етпетімнен жатқаным және, Құдайға шүкір, кабина есігінің ашық болғаны", — деп бөлісті Маччхар.

Жолаушылар арасында болған әрі зардап шеккен капитанға алғашқы көмек көрсеткен стоматолог Шота Мусаевтың айтуынша, Маччхардың басы мен сол қолынан қатты қан аққан.

"Оның жарақаттары өте терең болды, сондықтан бізге мұз салынған бірнеше пакет қажет болды. Қан кетуін тексеру үшін жейдесін көтерген сайын, жарадан қан одан сайын қатты ақты. Сондықтан жараларды қатты баспай, үстіне мұз қойып отырдым. 45 минут бойы жараларына қысым түсіріп, қанын тоқтатуға тырыстым", — деп еске алды ол.

Бұған дейін Болгарияда бомба қойылғаны туралы хабардан кейін ұшақтың шұғыл қонғаны туралы жазған едік.

 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!